Атырау облысында ата-анасы өлтіріліп, екі айдан бері із-түзсіз кеткен 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиевтің телефонынан жолданған хатқа қатысты дау өршіп тұр.
Марқұмдардың туыстары Наурыздың атынан бөгде біреу жазып отыр деп күдіктенеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желідегі Qazaq Airan парақшасы аяқасты жоғалған азаматтың WhatsApp арқылы ет жақындарына жіберген соңғы хатының скриншотын жариялады. Онда Наурыз делінген адам туыстарына «ісіме араласпаңдар» деген сарында жауап қатқан:
«Неге шу шығарып, арыз жазып жатырсыңдар?! Онсыз да проблемам шаш етектен. Көмектесе алмасаңдар, зиян келтірмеңдер. Әке-шешем үшін мына өзім жауаптымын. Араласпаңдар енді, жетер. Мен үйлендім. Тыныш өмір сүруге де мүмкіндік бермедіңдер…», – делінген 2025 жылғы 27 желтоқсанда жазылған хабарламада.
Алайда марқұмдардың ағайын-туысы хатты Наурыздың өзі жазды дегенге иланбай отыр. Әулеттің есім-сойын жарияламауды өтінген туыстарының бірі:
«Наурыз мұндайды жазбайтыны айдан анық. Иә, хабарлама келді, оны жоққа шығармаймыз. Бірақ оның шаңырақ көтергенін естімедік. Ешқашан бізге ондай жоспары бар екенін айтқан емес. Әрине, іштей бір жоспары болған да шығар, бірақ хабарламаларды бөтен біреу жазып отыр ма деп топшылаймыз», — дейді.
Отбасының тағы бір туысы Ләззат Кенжеғалиева да осы пікірді қостап отыр.
«Уатсап арқылы Наурыздың атынан жіберілген хатта «шаруаларың болмасын, ісіме араласпаңдар» деп жазыпты. Бірақ біз Наурыздың мінез-құлқын жақсы білеміз. Оның иі жұмсақ, біреуге дауыс көтеріп сөйлемейтін адам. Хатты бөгде біреу оның телефонын пайдаланып жіберіп отыр деп ойлаймыз. Марқұм ағамыз Мақсот та дәл осындай біртоға, ешкімге зияны жоқ кісі еді», – дейді Ләззат Кенжеғалиева.
Полиция не дейді?
Атырау облыстық полиция департаменті осы іс бойынша барлық болжамды жан-жақты сүзгіден өткізіп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен желіде тараған скринге қатысты мағлұмат беруден бас тартты. Пәлцейлер тергеу құпиясын жариялауға тыйым салынғанын алға тартып отыр.
Айта кетелік, бұл Наурыздың атынан таралды деген алғашқы хат емес. Бұған дейін де оның атынан жақындарына «анам төсек тартып қалды, ірі қараны сатып жатырмыз, ақша керек» деген сарындағы күмәнді хат тараған болатын.
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында із-түзсіз жоғалып кеткен. 6 қаңтар күні шаруа қожалығы аумағындағы ғимараттардың бірінен отағасы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі табылды. Марқұмдардың екі баласы, қызы Мирамгүл Қарабалина мен ұлы Наурыз Мұқанғалиев әлі табылмай жатыр. Іздеу жалғасуда.
Полиция әулеттің күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевтен күдіктеніп отыр. Сонымен қатар оның зайыбы, отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түзсіз жоғалып, полиция оны да жер-көктен іздестіріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







