Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында 2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуды баяндап, негізгі көрсеткіштерді нақтылап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Есепті кезеңде облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 521,4 млрд теңгеге жеткен. Құрылыс жүрсе, жұмыс жүреді, сұраныс артады, өңірдің тынысы ашылады деген сөз.
Әкімдіктің мәліметінше, мұнай-химия саласында жалпы құны 6,8 трлн теңге болатын 11 зәкірлі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұл жобалар толық іске қосылғанда 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Мұнайлы өңір үшін тек шикізатқа қарап отыру жеткіліксіз.
Мұнайды терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару – экономикадағы ең тиімді жолдың бірі. Сондықтан мұнай-химияға салынған әр теңге ертең зауыт, технология, тұрақты жұмыс болып қайтады.
Байланыс қызметі де назардан тыс қалмаған. 16,8 млрд теңгенің қызметі көрсетілген, нақты көлем индексі 99,8 пайыз деңгейінде қалып отыр. Яғни салада күрт құлдырау жоқ, тұрақтылық сақталған. Ал жалпы өңір экономикасында бірқатар бағыт бойынша өсім бар екені айтылды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім 21,1 пайызға жеткен.
Өнеркәсіп бойынша 19,3 пайыз, көлік және қоймалау саласында 16,2 пайыз көрсетілген. Ауыл, орман және балық шаруашылығы 7,4 пайызға өскен. Сауда көлемі 6,7 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібі де 2,8 пайыз өсім көрсеткен.
Көрсеткіштер көп болғанмен, мағынасы біреу: өңір экономикасы бір арнада тұрмай, бірнеше бағытта алға жылжып келеді. Мұнай-химиядағы 11 жоба – сол қозғалыстың ең салмақты бөлігі. Егер бұл жобалар жоспарланған мерзімде іске қосылып, жергілікті кадрға басымдық берілсе, Атыраудың экономикалық тірегі күшейеді. Ең бастысы, мұнайлы өңірдің табысы тек өндірумен шектелмей, өңдеуге қарай ойыса бастайды. Бұл ұзақ жол, бірақ дұрыс бағыт.

