1 қазаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылды. Жөндеуге 1800-ден астам маман жұмылдырылмақшы. Олар реакторлар мен пештерді, резервуарлар мен құбырларды, аппараттар мен ішкі қондырғыларды толық тексеріп, қажет болса жаңасын орнатады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұнай өнімдерінің нарықтағы тапшылығына жол бермеу мақсатында алдын ала 37 мың тонна бензин, 30 мың тонна дизель және 6,8 мың тонна авиаотын резервке жиналған. Зауыт жөндеуде тұрған кезде де батыс аймақтарға отын жеткізу үзілмейді. Осындай жоспарлы жұмыс кезінде әрбір тонна отын мен әрбір сағат есепте тұрады.
Атырау зауытының уақытша тоқтауы стратегиялық нысанның ұзақ мерзімді жұмысқа дайындық кезеңі. Технологияны жаңарту, өндіріс қауіпсіздігін арттыру – бүгінгі нарық талабы. Өйткені Атырау зауыты – Қазақстандағы негізгі мұнай өңдеу орталықтарының бірі. Оның сенімді жұмыс істеуі – елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
25 қазаннан бастап зауыттағы технологиялық қондырғылар кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл уақыт аралығында жауапкершілік тек зауыт басшылығында ғана емес, отандық логистика жүйесінде, өңірлермен үйлестіруде де жатыр. Халық арасында алаңдаушылық болмас үшін, бұл процестің қалай жүріп жатқаны жайлы ашық және тұрақты ақпарат таратылып отыру маңызды.
Тағы оқыңыз:
«Аккую» АЭС-і: Түріктер 11 млрд доллар тапсырыс алып, АЭС салудың технологиясын меңгеруде