Атырау облысы Құрманғазы ауданында мектеп автобусы заңсыз пайдаланылуына байланысты білім ордасының директоры қызметінен босатылды, — деп хабарлайды ErtenMedia «Ақ Жайық» басылымына сілтеп.
16 ақпанда әлеуметтік желілерде Бөкейхан ауылындағы Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің мұғалімдері мектеп автобусын орынсыз пайдаланып жатқаны түсірілген видео тарап, қоғамдық резонанс тудырды.
Басылым мәліметінше, педагогтер жол ақысын төлеп, осы автобуспен марқұмды еске алу рәсіміне барған. Алайда желідегілер тек мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған көліктің мұндай мақсатта қолданылуына наразылық білдіріпті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяровтың айтуынша, 10 ақпанда аудан мектептеріне жұмыс уақытынан тыс мектеп автобусын пайдалануға тыйым салынғаны туралы арнайы хат жіберілген. Дегенмен Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте бұл талап сақталмаған.
«Қызметтік тексеріс нәтижесінде мектеп директоры лауазымынан босатылды. Қазір ол өзіне тиесілі оқу жүктемесі бойынша физика пәнінен сабақ беріп жүр», – деді Баяров.