Атырау облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 6 мың адамға қысқарды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөніндегі штаб отырысында айтылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақта МӘМС жүйесінде 100 мыңға жуық азамат сақтандырылмаған. Сол себепті әкімдіктер мен округ әкімдеріне ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әрбір азаматты есепке алу шараларын жүргізу тапсырылды.
– «D» және «Е» санатындағы азаматтарды азайту жұмыстары жалғассын. Арнайы кесте бекітіліп, жеке кәсіпкерлер, жастар, жұмысшылар және дербес төлеушілер кезең-кезеңімен МӘМС жүйесіне тартылсын. Егер тиісті жұмыстар уақтылы орындалмаса, 17 мыңнан астам адам үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі туындайды. Бұған кететін қаражат бір мектеп салуға жеткілікті, – деді Жасұлан Бисембиев.
Әкім орынбасарының айтуынша, облыс тұрғындарының медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдары азайған. Дегенмен жыл басынан бері 390 шағым тіркелді. Негізгі арыздар – консультациялық-диагностикалық қызметтерді көрсетуден бас тарту, дәрі-дәрмекпен қамтылмау және қызметтің сапасыздығы. Осыған орай медициналық ұйымдарға қызмет сапасын арттыру, пациенттердің құқықтарын сақтау және халықпен ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды.