Қала күні қарсаңында Атырауда өңірдегі ең ірі спорт нысанының бірі – «Texol Wellness Atyrau» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба 24 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Кешен Texol компаниясының бастамасымен және қаржыландыруымен салынады.
Нысан іргетасына уақыт капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Серік Шәпкенов, Texol компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазав, облыстық спорт ардагерлері одағының төрағасы Болат Қожиев, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы Жандос Назарбеков, спорт қауымдастығы өкілдері мен спорт мектептерінің шәкірттері қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызына тоқталды:

– Бүгін біз ең ірі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бастаймыз. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі. Texol сынды ірі компаниялар өндірістік жобалармен ғана шектелмей, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да қомақты үлес қосуда. Компания бұған дейін Атырау вагон құрастыру зауыты жобасын сәтті жүзеге асырды. Енді, міне, спорттың 12 түрімен айналысуға мүмкіндік беретін заманауи кешен салуға кірісті. Мұнда ересектер де, балалар да жаттыға алады. Бұл салауатты әрі белсенді қоғам орнату жолында жасалған тағы бір маңызды қадам, – деді облыс басшысы.
TEXOL GROUP директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава «Texol Wellness Atyrau» заманауи спорт пен демалыс орталығы ғана емес, өңірдің шикізаттық экономикадан басымдықты тұрғындардың саулығы мен әл-ауқатына беретін тұрақты дамуға көшуінің нышанына айналатынын айтты.
Үш қабатты кешеннің жалпы ауданы шамамен 18 мың шаршы метрді қамтып, өңірдегі негізгі спорт кешенінің бірі болмақ. Мұнда теннис корттары, алты жолақты жүзу бассейні, жекпе-жек және фитнес залдары, жаттығу залы, өрмелеу қабырғасы мен демалыс аймақтары болады. Нысан бір уақытта 1 мың адамға дейін қабылдай алады.