Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды балалар алаңындағы вандализмге немқұрайлы қарамауға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы халықпен кездесу кезінде соңғы уақытта өңірде ойын алаңдары қарқынды салынғанымен, тұрғындардың өздері сол алаңдарды тез арада бүлдіріп жатқанына назар аударды.
«Облыс көлемінде балаларға арналған ойын алаңдарын орнатып жатырмыз. Кейбір елді мекендерде бұл әлі де өзекті мәселе.
Алайда салынған дүниені бұзу, сындыру деректері жиі кездеседі. Кейде жаңадан қойылған құрылғының көп ұзамай жарамсыз күйге түскенін көреміз.
Мұндай жағдайды көргенде бейжай қарамаңыздар. Бірден ескерту жасаңыздар, қажет болса бейнежазбаға түсіріп, полицияға хабарлаңыздар», – деді әкім.
Оның айтуынша, бүлінген дүниенің артында көбіне балалардың өздері тұрады. Мұндай жағдайда заң бойынша жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Шәпкенов қоғамдық мүлікті сақтап қалу тек биліктің ғана емес, жалпы халықтың ортақ ісі екенін айтты.
«Жалпыға ортақ дүниені құрметтеуді үйренбесек, ешбір бюджет шығыны мұны көтере алмайды. Жаңа нәрсені салу маңызды, бірақ оны күтіп ұстау одан да маңызды», – деді аймақ басшысы.
Облыс билігі тұрғындарды балалар алаңдарын қорғауға, азаматтық белсенділік танытып, мүліктің бүлінгенін дер кезінде хабарлап отыруға шақырды.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев аймақтағы «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын сынаған болатын.

