Атырауда соңғы жылдары «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы аула мәселесі сөзден іске көше бастады. Бұрын тұрғындар «біздің аулада ойын алаңы жоқ, балалар шаңның ортасында ойнайды» деп шағымданумен шектелетін. Енді сол әңгіме нақты жобаға айналып, қалада 44 аумақта ойын және спорт алаңдары, кіші футбол алаңдары салынып жатыр. Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дулат Қуанғалидың айтуынша, жобаның негізгі ерекшелігі қай аулаға қандай нысан керегін жергілікті тұрғындардың өзі ұсынып, дауыс беру арқылы таңдалуы, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Халық қатысатын бюджет» аясында Азаттық пен М.Қазырет көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулалары, Еркінқала–1, Еркінқала–2, Авангард шағынауданы, Владимирский мен Абай көшесі, Алмалы ауылдық округі және тағы басқа бірнеше аумақ қамтылған. Бұрын мұндай жерлерде бос алаң, көлік қойылған жер немесе қарапайым бос кеңістік қана болған.
Қазір сол аумақтарға балаларға арналған ойын кешендері, турник, жаттығу құрылғылары, кіші футбол алаңдары орнатылып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, жұмыстардың шамамен 80 пайызы аяқталған, мердігерлер нысандарды жыл соңына дейін толық тапсыруға міндеттелген.

Дулат Қуанғали алаңдар жабдықталуы халықаралық стандарттарға сай жүргізіліп жатқанын айтады. Кіші футбол алаңдарына жасанды көгал төселеді, ойын жүріп жатқанда доп ұшып кетпеуі және балалар жарақат алмауы үшін қауіпсіздік қоршаулары орнатылады.
Түнгі уақытта да ойнауға мүмкіндік болу үшін жарық шамдары қарастырылған. Футбол алаңының іші мен айналасы белгіленген, қақпалар, сызықтар, ойын аймақтары нақты сызылады. Мұндай тәсіл балалар мен жастарды ретсіз, бейберекет емес, нақты спорт алаңында ойнауға үйретеді.
Сонымен қатар, қалада «Балалар ойын және спорт алаңдарын жаңарту» деген бөлек жоба жүріп жатыр. Осы бағдарлама бойынша Атырау қаласының 40 мекенжайында балалар ойын алаңдарын және ашық спорттық жаттығу алаңдарын салу және жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Бір жерде мүлде жаңа нысан салынып жатса, енді бір аулада ескі, тозығы жеткен әткеншек пен сырғанақ орнына қауіпсіз, заманауи ойын элементтері орнатылуда. Қазір бұл нысандарда резеңке қабат төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай жабын құлаған кезде соққыны азайтып, балалардың жарақат алу қаупін төмендетеді.

Жобаның тағы бір маңызды жағы қала инфрақұрылымын теңгерімді дамыту. Бұрын жаңа ойын алаңдары көбіне орталық аудандарда немесе көрнекі жерлерде ғана салынатын. Қазір Еркінқала, Алмалы сияқты шеткері аумақтар да назарға алынған. Бұл қала тек орталықтан тұрмайтынын, әр шағынаудан мен ауылдық округке бірдей қарайтын кезеңге келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе жас отбасылар көп тұратын, баласы көп аумақтар үшін жаңа алаңдардың пайда болуы күнделікті өмірге тікелей әсер етеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, аталған нысандардың барлығы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Яғни, Атырау тұрғындары жаңа жылды жаңарған аулалармен қарсы алуға үміт арта алады. Әрине, кез келген инфрақұрылым нысанының сапасы уақытпен сынақтан өтеді. Сондықтан жергілікті тұрғындар үшін енді тек жаңа алаңды күту емес, оны ұқыпты пайдалану, бұзбай, ортақ мүлік ретінде қорғау да маңызды. Жергілікті билік пен халықтың осындай ортақ жұмысы ғана қала келбетін өзгерте алады.

