Бүгін ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты кезекті көшпелі отырысы өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов, академияның басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев, академиктер және мұнай-химия саласының өкілдері қатысты. Жиында Атырау облысында ғылымды дамытудың жаңа бағыттары талқыланды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жиында Серік Шәпкенов университеттерден, зерттеу ұйымдарынан, индустриядан және аймақтық даму институттарынан ғалымдарды тарту арқылы ғылыми ұсыныстар әзірлейтін, басталған жобаларға сараптама жүргізетін, қаржыландыру бойынша ұсыныстар әзірлейтін ғылыми-техникалық кеңестің маңызына тоқталды.
«Кеңес Ұлттық ғылым академиясымен тікелей байланыста белсенді және жүйелі түрде жұмыс жасайтын болады.Біз үшін ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы қолданбалы шешімдер, экологиялық зерттеулер мен жүйелі экологиялық мониторинг, соның ішінде жасанды интеллектті қолдана отырып, суды тиімді пайдалану және өндірістік су қалдықтарын терең тазарту мен регенерациялау, өндірістік полимерлер негізінде жаңа материалдар мен композиттер, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу мен регенерациялау әдістері, мұнаймен ластанған топырақтарды жол құрылысына және құрылыс материалдарына пайдалану сияқты зерттеулердің маңызы өте зор. Бұлар академия әзірлейтін негізгі мемлекеттік ғылыми бағыттарда көтеріліп, қолдау табуы тиіс»,- деді С.Шәпкенов.
Бұл ретте аймақ басшысы өңірлік ғылыми қорды нәтижелі пайдаланып, өндіріске қажетті, сұранысқа ие мамандарды дайындап, олардың жобасына жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық беруді атап өтті.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Атырау облысының экономикасы ғылыми зерттеулердің түрлі бағыттары бойынша қолайлы.
«Жергілікті бюджеттерде өңірлік ғылымды қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалары жоқ. Жалпы, жергілікті бюджеттен ғылымға бөлінетін қаражат көлемі, мемлекет бойынша оның дамуына жұмсалатын жалпы шығыстардың 1% — нан да аспайды. Атырау облысы — еліміздің табиғи ресурстары және экономикалық әлеуеті ең маңызды өңірлерінің бірі. Осы тұрғыда Атырау облысы басқа өңірлерге үлгі бола алады. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясы қажетті көмек көрсетуге дайын. Ең алдымен, Өңірлік кеңес Ұлттық академиямен тығыз байланыс орнатуы қажет және бұл сіздерге кеңес қызметінің барлық мәселесі бойынша Академиядан толыққанды әдістемелік және практикалық көмек алуға мүмкіндік береді. Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындаудың жаңа жүйесіне сәйкес агроөнеркәсіптік кешен, мұнай және тау-кен металлургия өнеркәсібі, тұщы суға қол жеткізуді қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту салаларындағы зерттеулер стратегиялық басымдықтарға жатқызылғанын және олар бірінші кезекте қаржыландырылатынын айту керек»,-деді А.Күрішбаев.
Қатысушылар өңірлік ғылымның дамуының өзекті мәселелері, оның өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы сөз етті. Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылды.
Академия Президиуымының көшпелі отырыс жұмысы нәтижесінде республикада алғаш рет Атырау облысы әкімдігі жанынан ғылымды қолдау Қорын құру туралы шешім қабылданды.
Шара өңірлік ғылымның басым міндеттерін айқындауға арналған форсайт-сессиямен жалғасады. «Ғылым-бизнес» питч-сессиясы форматында коммерцияландыруға дайын перспективалы ғылыми жобалар ұсынылады. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.