Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы шараларды қысқа да нақты баяндады. Оның айтуынша, жалпы құны 36 млрд теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілген. Соның нәтижесінде 1725 жаңа жұмыс орны ашылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Атырау облысында кәсіпкерлікті дамытуға биыл 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл жай сөз емес, жоспарлы түрде шағын және орта бизнестің салмағын арттыруға бағытталған нақты қолдау. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш облыстың жалпы өңірлік өнімінің 21 пайызына тең. Яғни әр бес теңгенің бірі – шағын және орта бизнеске тиесілі деген сөз.
– Қазіргі уақытта жалпы құны 36 млрд теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді, 1725 жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау құралдарының қатарында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілсіз несеге ішінара кепілдендіру, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, сондай-ақ «Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бар, – деп атап өтті.
Яғни кәсіпкерлікті тек сөз жүзінде емес, әртүрлі қаржы құралдары арқылы ынталандыру көзделген. Біреуге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тиімді, біреуіне кепілзаты жетпей жатқанда кепілдендіру көмектеседі, енді біреуі үшін қайтарымсыз грант бизнеске алғашқы қадам жасауға мүмкіндік. «Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау да тұрғындар үшін қосымша тірек болып отыр.
Инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданған кешенді шаралар экономиканың әртүрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасаған. Бұл жерде тек қала емес, аудан, ауыл деңгейіндегі кәсіпорындар да бар. Сауда, қызмет көрсету, агробизнес, шағын өндіріс бәрі бірге өңір экономикасының тірегіне айналып келеді.
Өз кәсібін бастаймын деген тұрғындар да назардан тыс қалған жоқ. Облыста 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілгені айтылды. Бұл бизнесі жоқ, бірақ идеясын іске асырғысы келетін адамдар үшін айтарлықтай қолдау. Грант алған адамның алдында енді салық, есеп, өнім өткізу сияқты нақты жұмыстың міндеті тұр. Әкімдік тарапынан грант беру арқылы «қолыңнан іс келеді, енді өзің де жауапкершілік ал» деген ұстаным байқалады.
Жалпы алғанда, Атырау облысында кәсіпкерлікке бөлінген 9 млрд теңге тек бюджет жолдарындағы сан емес, өңірдегі нақты экономикалық белсенділіктің артуына әсер ететін ресурс.
2,4 трлн теңгелік өнім, 254 жоба, 1725 жұмыс орны, 300 грант – осының бәрі бір-бірімен байланысты көрсеткіштер. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің қалай өзгеретіні кәсіпкерлердің де, жергілікті атқарушы органдардың да жұмысына тікелей байланысты болмақ.

