Атыраудағы мемлекеттік органдардың жұмысына жүргізілген тексерістер нәтижесінде 500-ден аса заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы қала прокуроры Руслан Айтимов мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia «Ақ Жайыққа» сілтеп.
Прокуратураның араласуымен 13 мың азаматтың құқығы қорғалып, 104 кәсіпкерге жалпы сомасы 164 миллион теңге қайтарылды. Бұл қаражат оларға көрсетілген қызметтер үшін негізсіз төленбей қалған.
Тексеріс нәтижесінде 140 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде:
- 4 адам – мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттері үшін этика кеңесінде жазаланды;
- 39 мемлекеттік қызметкер – әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 5 адам – кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны үшін жазаланды.
Тексеру барысында бұрын жемқорлық қылмысы үшін сотталған тұлғалардың мемлекеттік қызметке орналасқаны анықталған. Оларды қызметке қабылдауға жауапты басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал заңсыз тағайындалған шенеуніктер жұмыстан босатылды.
Құқық қорғау органдары мемлекеттік қызметте заңбұзушылықтарды болдырмау үшін қадағалауды күшейтуге ниетті.