Атырау облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай шешім облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында қабылданды.
«Қазгидромет» дерегінше, өңірдегі қолайсыз ауа райы мен қатты жел ертең кешке дейін сақталады.
«Ең басты міндет тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді аймақ басшысы.
Желтоқсанның 14-іне қараған түні Атырау облысында күшті циклон жүріп, дауылды жел көтерілген. Облыстағы барлық коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимге көшті.
Бұған дейін Атырауда дауыл мен көктайғақ салдарынан бірнеше төтенше оқиға тіркелген болатын. Қалада электр желісі үзіліп, тұрғын үйлердің кейбір бөліктері зақымданған. Сонымен қатар көлік құралдарына да айтарлықтай зиян келген.

