Атыраулық блогер Құралай Болатова өзі сенген адамдардың қолынан алаяқтық пен күш көрсетудің құрбаны болғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Құралайдың сөзінше, бәрі танысы Айдана Ақмұрзиевадан басталған. Ол Құралайға «Ыстамбұлға тур ұйымдастырып жатырмын, парақшаңа жарнама жасап берші» деп өтініш жасаған екен.
Таныс-біліс адам болған соң, Құралай оған сеніп, желідегі парақшасына әлгі жарнаманы жариялап берген. Стористі көрген блогердің оқырмандары тур жайлы сұрап, Айдананың есеп-шотына ақша жолдай бастаған. Сапарға қызығушылық танытқан Құралайдың өзі де Түркияға бармақ болып, Айданаға алдын ала 100 мың теңге аударған.
Алайда жеме-жемге келгенде асыға күткен тур да, билет те болмай шыққан. Айдана ақшаны «Әсем» деген адамға аударып жібергенін айтып сылтауратқан. Кейін Құралай әлгі әйелмен тілдесіп, бұған қатысы жоғына көзі жеткенде, Ыстамбұл туры алаяқтық екенін түсінген.
Осыдан кейін блогер ақшасын қайтаруды талап еткен. Бұл дау да біразға созылып, 3 қазан күні ғана айғай-шумен ақшасын қайтарып алған екен. Алайда дәл сол күні кешке Айдана оны балағаттап, қорқытып, «ұятсыз видеоңды желіге таратып жіберемін» деп қоқан-лоқы жасаған.

«Сол түні туған күннен үйіме қайтып бара жатқанда әлгі Айдана мен құрбысы Ақбота Нұғманова «сөйлесейік» деп алдаусыратып, көлікке отырғызып, қала сыртындағы бейітке апарып тепкілеп, ұрып-соғып, кейін қансырап жатқан мені Ақботаның үйіне алып кетті», — дейді блогер.
Соққыға жығылған сәтте, Құралайдың айтуынша, қыздардың бірі: «Ешқайда, еш жерге шағымданба, әкем прокурор, саған ешкім жәрдем бермейді» – деп қоқан-лоққы жасаған.
«Қазір денемде сау жер жоқ. Психологиялық тұрғыда да қатты соққы алдым», – дейді Құралай. Сөй деген блогер келесі күні полицияға арыз жазған.
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Ertenmedia-ға берген түсініктемесінде:
«Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталды. Камера жазбалары алынды, куәгерлерден жауап алынуда. Жәбірленушінің барлық айғақтары мұқият тексеріледі», – деп хабарлады. Іс қандай бап бойынша тергеліп жатқаны әзір жария етілген жоқ.
Құралай Болатова кінәлі адамдардың жазасыз қалмауын талап етіп, қоғамнан қолдау сұрап отыр.