Алдағы екі жылда Атырау облысындағы барлық ауылдық округ спорттық инфрақұрылыммен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында өткен жиында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты. Ол баяндамасында өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының санын көбейту және дарынды балаларға жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір облыста 800 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 8 стадион, 53 спорт кешені, 702 спорт алаңы, 50 метрлік олимпиадалық бассейн, «Атырау» спорт сарайы, теннис орталығы және мұз сарайы бар. Сонымен қатар 17 жеке спорт нысаны да халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бұл – қаладағы тұрғынға да, аудан орталығындағы жасөспірімге де спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар деген сөз. Алайда әкімнің айтуынша, негізгі міндет – осы мүмкіндікті ауылға толық жеткізу.
Жыл соңына дейін облыстағы 68 ауылдық округтің 70 пайызы спорт нысандарымен қамтылады. Әкімнің сөзіне қарағанда, алдағы екі жылда барлық ауылдық округте спортқа арналған инфрақұрылым болады.

Бұл жерде тек футбол алаңы емес, түрлі секцияларға бейімделген кешендер туралы айтылып отыр. Қазірдің өзінде облыс аумағында 29 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Соның 7-еуі пайдалануға берілген, 6 кешеннің құрылысын жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған 16 нысан келесі жылы іске қосылады.
Атырау қаласы мен ауылдық аудандарда демеушілер есебінен 4 спорт нысаны салынып жатыр. Олардың қатарында мамандандырылған волейбол және баскетбол орталықтары, сондай-ақ Мұқыр және Кудряшов ауылдарындағы спорт кешендері бар. Мемлекет пен бизнестің бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі 62 пайыздан 70 пайызға дейін өседі деп жоспарланған.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында Атырау қаласында Олимпиадалық резерв мектебі-интернатының ғимаратын салу көзделген. Жоба алты жылға есептелген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады.
Оның ішінде 12 ай құрылыс кезеңі, ал қалған бес жыл техникалық пайдалану мерзімі. Кешенде 13 спорт залы, бассейн, оқу корпусы, жатақхана, асхана, кітапхана және басқа да нысандар болады. Мұнда 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшы білім алып, жаттыға алады. Құрылысты 2026 жылғы сәуірде бастау жоспарланып отыр. Бұл мектеп өңірдегі спортқа бейім балалар үшін орталық орынға айналуы тиіс.

Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Texol компаниясы жалпы аумағы 19 мың шаршы метр болатын спорттық-сауықтыру кешенін салып жатыр. Бұл нысанда 12 түрлі спортпен айналысуға жағдай жасалады. Мұндай жеке бастамалар бюджетке салмақ түсірмей, инфрақұрылымды көбейтуге көмектесіп отыр.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес, Атырау облысында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ірі спорттық жобалар да қолға алынуда. Жоспарда ұлттық ат спорты кешені (ипподром), 12 мың орындық EURO-IV санатындағы футбол стадионы және көпбейінді «Atyrau Arena» спорт кешені бар. Қазіргі уақытта осы нысандар бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңі жүріп жатыр. Құрылысты келесі жылы бастау көзделген.
Облыста халықтың дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылдану деңгейі әзірге 45,1 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 46 пайызға жеткізу жоспары қойылған. Сандық көрсеткіштерден бөлек, әкімдік негізгі мақсат ретінде спортты ауылға жақындату, балалар мен жасөспірімдерге спорт залын үйден алыс іздетпей, өз округінен табу мүмкіндігін жасауды атап өтті.

