Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Атырау облысын барды. Ұйым мүшелері қоғам өкілдерімен, мұнайшылармен, жастармен және кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде Ерлан Қошанов алдағы референдумның тарихи маңызына тоқталып, жаңа Конституция Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалардың жалғасы екенін атап өтті.
«Жаңа Ата заң – бұл қоғам сұранысына жауап. Бұған халықтан 10 мыңнан астам ұсыныстың түсуі дәлел. Жаңа Конституцияда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы нақты бекітіледі», – деді Мәжіліс төрағасы.
Жергілікті жұртшылық үшін жаңа Конституциядағы еңбек құқықтарын қорғау, әділ еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі маңызды екені айтылды. Мұнайлы өңір тұрғындары экология мәселесінің алғаш рет Ата заң деңгейінде нақты бекітілуін қолдап отыр.
«Atyrau Creative Hub» орталығында өткен шығармашыл жастармен кездесуде білім, инновация, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау тақырыбы қозғалды. Жастардың пікірінше, Ата заңдағы отбасы құндылықтарын қорғау принциптері де дәстүрлі қоғамды сақтауға ықпал етпек.
«ҚазТурбоРемонт» орталығының мамандары жаңа Конституциядағы еңбек жағдайлары мен әділ еңбекақы нормаларын талқылады. Олар мемлекет тарапынан кәсіби дамуға жасалған қолдауды өңір жастары үшін үлкен мүмкіндік деп бағалап отыр.
Жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездескен Атырау жұртшылығы 15 наурыздағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







