Атыраудағы «Алмагүл» ықшамауданының тұрғындары биліктің бір ғана шағын аулаға 54 орындық орнатып тастағанына наразы. Олар шенділердің әрекетін бюджет қаржысын орынсыз жұмсаудың «жарқын» үлгісі деп есептейді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аулаға ойын алаңы мен футбол алаңы салынғаны қуантқанымен, 54 орындықтың қатар-қатар тізіліп, әр метр сайын қойылғаны қисынға келмейді.
Аудан тұрғыны Жұмағали Ерғалиевтің пікірінше, мұнша көп орындықтың қажеті шамалы.
«Толып тұрған орындықтың бәрі артық. Шыны керек, осынша сәкінің орнына он-жиырма шақтысын орнатса жеткілікті болатын еді. Қазір көбісі қаңырап бос тұр», – дейді тұрғын.
Атыраудағы қоғам белсенділері де әкімдіктің әрекетіне күмәнмен қарайды.
Олар қала бойынша бірде-бір орындық орнатылмаған аулалардың бар екенін еске салып отыр.
«Бұл бюджет қаржысын мүлдем ойланбай шашудың көрінісі. Басқа аулаларда тұрғындардың демалып отыратын орны жоқ. Саябақтарда, демалыс орындарында орындық тапшы. Әкімдік ақшаны қалай есептеп, қалай жоспарлап отыр? Осыған таң қаламын», – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Жүнісов.
Ал әкімдік өкілдері орындықтардың «100 аула» жобасы аясында орнатылғанын айтып ақталуда.
Шенеуніктердің мәліметінше, осы бір аулаға ғана орындық қою үшін бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген.
«Жобада дәл осылай көрсетілген. Адам санының көптігінен орын тапшылығы байқалды. Сондықтан орындықтарды осылай тізіп орнатуға тура келді. Жоба «100 аула» деп аталады. Орындық мен қоқыс жәшіктері барлық жерде бірдей орнатылуда», – дейді Атырау қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Ербол Айтқалиев.
Айта кетерлігі, дәл осындай тәсілмен тағы 99 аулаға 54 орындықтан орнату жоспарда тұр.
Осы мәселеге қатысты пікір білдірген тұрғындар мен қоғам белсенділері мұндай әрекетті бюджет ақшасын ысырап ету деп бағалап, әкімдікті қала тұрғындарының нақты қажеттілігін ескеруге шақырып отыр. Қалың бұқара мемлекеттік қаражатты жұмсау барысында ақылға қонымды, халықтың пікіріне сүйенген шешімдер қабылдануы тиіс деген пікірде.