Атырау облысының полициясы өткен күзде із-түссіз жоғалып кеткен Жангелдин ауылының төрт тұрғынын іздестіріп жатыр. Бір отбасынан төрт адам бір мезетте хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоғалғандардың есімдері:
- Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы (1959 ж.т.);
- Утешкалиева Насипа Бахитқызы (1961 ж.т.);
- Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы (1990 ж.т.);
- Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы (1993 ж.т.).
Жергілікті «Ақ Жайық» басылымының жазуынша, отбасының ең алдымен 30 жастағы ұлы Наурыз жоғалған. Ол үйінен шығып, Ақтау жаққа жұмысқа баратынын айтқан. Бірақ нақты мекенжайын, қандай жұмыс екенін түсіндірмеген күйі хабарсыз кеткен.
Арада біраз уақыт өткен соң, қазан айында оның ата-анасы мен әпкесі де ауылдан шыққан. Туыстары мен көршілеріне дәрігерге бара жатқандарын ғана айтып, қай қала, қай емхана екені туралы ешқандай дерек қалдырмаған. Содан бері олардың да қайда жүргені белгісіз. Жоғалған Мирамгүл Қарабалинаның үшінші топтағы мүгедектігі бар екені де жағдайды күрделендіріп отыр.
Жоғалғаннан кейін түсініксіз жайттар
25 желтоқсанда отбасының туысы Атырау облысының полициясына шағым түсірген. Полицияның хабарлауынша, отбасының нақты бағыт алған маршруты, жол билеттері немесе такси қызметін пайдаланғаны туралы ақпарат жоқ. Олардың жеке көлікпен оңтүстік аймақтарға қарай бет алғаны болжануда.
Жоғалғаннан кейін түсініксіз жайттар да орын алған. Көршілерінің айтуынша, үйдегі мал түгелдей сатылып, түскен қаражат әкесі Мақсот Қарабалиннің жеке шотына аударылған. Алайда бұл сауданы кім жасағаны әзірге белгісіз.
Полиция өкілдері жоғалған отбасының мекенжайын: Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылы, Айжарқын Елешова көшесі, 13/1 деп көрсетіп отыр.
«Жоғалған адамдардың қайда екенін анықтау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Басқа аймақтардың полиция бөлімдері де хабардар. Қандай да бір мәлімет білетін азаматтар 98-20-78, 98-20-88, +7 701 304 0012 байланыс телефондарына хабарласуын сұраймыз», – деп мәлімдеді полиция қызметі.
Әлеуметтік желілерде Қызылқоға ауданы тұрғындары бүтін бір отбасының еш ізсіз, куәсіз жоғалып кеткеніне таңданыс пен алаңдаушылық білдіруде.

