Атышулы блогер Қайсар Қамза өзінің іздеуде жүргені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазып, әуелі дастархан басында отырған суретін «бәрі дұрыс» деп қысқа ғана сипаттап бөлісті. Жазба бірден қызу талқыланып, қолданушылар оны блогердің жағдайға салқынқанды реакциясы ретінде қабылдаған.
Бірақ көп ұзамай блогер бейнежазба жариялап, іздеу жарияланғанына ашық наразылық білдірді.
«Мен кімнің жолын кесіп өттім өзі? Тып-тыныш өмір сүрдім, бәрімен аман-сәлемім түзу болды. Ешкімнің тұнығын лайламадым. Ендеше не үшін бүкіл ел болып, мені құдды мемлекеттік деңгейдегі қылмыскер сияқты іздейді? Соншалықты қауіпті қылмыскер емеспін ғой», – деді Қамза видеода.
Артынша жариялаған тағы бір видеосында: «Егер әлгі жаққа (абақтыға) әкетіп жатса, сусын, темекі, басқа керек-жарағымды жеткізіп тұрарсыздар. Мен сендерге сенемін оқырмандарым, сендерден басқа кімге сенемін?» – деп әзіл-шыны аралас пікір білдірген.
Ескі Қазақстан? Осы тұста Қайсар елдегі атышулы жемқорларды жіпке тізіп, өзінің ешкімге мұндай көлемде зиян келтірмегенін баса айтыпты.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін құқықтық статистика порталында блогер Қайсар Қамзаға іздеу жарияланғаны туралы ақпарат пайда болған. Ресми дерек бойынша, Қаржы мониторингі агенттігі блогерді талай уақыттан бері таба алмай жүр. Іс екі күн бұрын 10 қаңтарда тіркелген.
Қайсар Қамза таза қазақтілді контент түсіретін 2 миллионнан аса оқырманы бар танымал блогер. Бұған дейін ол заңсыз лотерея мен онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Солай бола тұра парақшасының мазмұны өзгермеген-тұғын.
Ertenmedia Қайсар Қамза мен трансгендер Тұрғановтың бизнесі туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

