Алматыдағы атышулы Никольский базарының жерін заңсыз иемденбек болған үш адамға қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2,2 миллиард теңгелік жер телімін жалған құжатпен өз атына түсіріп алмақ болған Аслан Пухаев, Антон Соловиев және Жақсылық Сәрсенбаев 6 жыл 6 айға түрмеге кесілді.
Қылмыстық схема 2025 жылдың қыркүйегінде басталған. Үштік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесін бұзып
Никольский базары аумағындағы «Nikolsky Investment» ЖШС-іне тиесілі жердің құқықтық шектеулерін заңсыз алып тастаған. Кейіннен бұл телім жалған тұлғалардың атына рәсімделіп, қымбат бағаға сатылмақ болған.
Алайда арам пиғылды жоспар соңына жетпеді, жер телімі мен оған қатысты мүлік тәркіленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ең қызығы…
Қаржы мониториң агенттігінің дерегіне сенсек, айыпталған үш азамат атышулы Айдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының адамдары болып шыққан. Топ Алматыдағы ірі компанияларды рейдерлік жолмен басып алып, өзара үлестірген. Олардың қолына өткен кәсіпорындар қатарында AV-Construction, «Шыны зауыты» және «Бахар-А» сияқты белгілі нысандар да бар.
Ал Никольский базары айналасындағы дау-дамайдың тамыры тереңде жатыр. 2010 жылы базар аумағын Алматы технологиялық университеті сатып алып, студенттерге жатақхана мен оқу корпусын салуды жоспарлаған. Іле-шала нысанға тағы бір тарап ортақтасқан еді. Былықтың артында Болат Назарбаев пен Қоспаев тобы тұрғаны мәлім болған.
2015 жылы жер Назарбаевтың өзіне сатылса, 2021 жылы бір күн бұрын тіркелген «Nikolsky Investment» компаниясына өткен. Компанияның құрылтайшысы Елдос Қоспаевтың туған інісі Айдос Қоспаев, ал басшысы болған Ерлан Имашев кейін сотталып кетті.
Жоғарғы сот жердің заңды иесі ретінде университетті танығанымен, Алматы технологиялық университеті әлі күнге дейін меншікке қол жеткізе алмай келеді.
Контекст
Елдос Қоспаев басқаратын ұйымдасқан топ ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерге күн бермеген. Бизнеске қоқан-лоққы жасап, басқару ісіне өз адамдарын кіргізіп, кәсіпті заңды иелерінен күшпен тартып алған.
Өткен жылдың қаңтарында сот Елдос Қоспаевты, інісі Айдосты және сыбайластарын бопсалау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз жолмен мүлік иемдену бойынша кінәлі деп тауып, ұзақ мерзімге түрмеге жапқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

