Алдағы күндері бірқатар өңірде ауа райы күрт құбылып, қыс мінез танытады. Әсіресе, Астана тұрғындарына 8 ақпан түні сақ болған абзал. Ауа температурасы -23 градусқа дейін төмендейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» болжауынша, елордада бүгін жауын-шашынсыз, күн алабұлтты. Түнде сынап бағаны -21-23, ал күндіз -7-9 градусты көрсетеді.
9 ақпанда ауа райы күрт өзгереді: қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болып, бұрқасын тұрады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді. Түнде -8-10 градус болса, күндіз ауа температурасы -1 мен +1 арасында құбылады. 10 ақпанда да ауа райы тұрақсыз: аралас жауын-шашын, көктайғақ пен бұрқасын жалғасады, температура -1 мен +1 аралығында сақталады.
Алматыда алдағы күндер біршама жайлы өтпек
8 ақпанға қараған түні қар жауып, тұман түседі, көктайғақ сақталады. Ауа температурасы түнде -2-4, күндіз +1+3 градус болады.
9 және 10 ақпан күндері жауын-шашын күтілмейді, күн жылынып, ауа температурасы +8+10 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкентте 8 ақпан күні күндіз ауа райы +12+14 градусқа дейін жылы болады, бірақ түнде және таңертең тұман басады. 9-10 ақпан күндері жаңбыр жауып, желдің екпіні күшейеді. Күндіз ауа +14+16 градус болса, түнде +6+8 градусқа дейін жылынады.
Өзге өңірлерде
Республиканың басқа қалаларында ауа райы айтарлықтай құбыла қоймайды. Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды мен Жезқазғанда күн жауын-шашынсыз, сынап бағаны -3 пен -11 градус аралығында.
Шығыстағы Өскемен мен Семейде ауа температурасы -7 мен -10 аралығында болады деп болжануда.
Оралда қар жауып, бұрқасын көтеріледі, көктайғақ пен тұман сақталады. Мұнда күндіз температура -5-7 градус шамасында. Атырауда жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болып, көктайғақ орын алады, ауа температурасы 0+2 градусқа дейін жылы. Ақтауда да ауа райы тұрақсыз, күн +7+9 градус аралығында құбылады.
Оңтүстіктегі Түркістан, Тараз және Қызылорда қалаларында күн ашық әрі жылы: сынап бағаны +3 пен +14 градус арасында болады. Алматы облысындағы Қонаев пен Талдықорған қалаларында ауа райы +1+3 градус аралығында, жел екпіні күшейеді деп болжанып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

