Қазақстан аумағында ақпанның 6-сы күні ауа райы күрт бұзылады. Елдің көп бөлігінде қар мен жаңбыр араласып, қатты жел тұрып, боран соғады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің мәліметінше, белсенді оңтүстік циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және оңтүстік өңірлерде қар мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын күтілуде. Сондай-ақ ел аумағында көктайғақ, бұрқасын, қалың тұман болжанады.
Төтенше ауа райына байланысты Қазақстанның 16 облысында бірден дауылды ескерту жарияланды.
Түркістан облысында жел екпіні 23-28 м/с-ке, ал таулы асуларда тіпті 30 м/с-тен асуы ықтимал. Облыстың оңтүстігі мен таулы аудандарында қалың қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ, бұрқасын мен қалың тұман күтілуде. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жауын-шашын қатты болып, көктайғақ пен тұман жол қозғалысын қиындатуы мүмкін.
Қызылорда облысында
Түнгі мезгілде қар мен жаңбыр араласып, күшті боран соғады. Орталық, солтүстік және оңтүстік аудандарда көктайғақ пен тұман күтіледі. Желдің екпіні түнде 15-20 м/с-ке жетеді.
Қарағанды облысында түнде қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, көктайғақ пен боран соғады. Облыстың батыс, солтүстік және шығыс аудандарында күндіз қар мен жаңбыр жалғасып, жел екпіні 23-28 м/с-ке жетуі мүмкін. Қарағанды қаласының өзінде де ауа райы күрделі болады деп күтілуде.
Ұлытау облысында да түнгі уақытта қар аралас жаңбыр жауып, боран мен көктайғақ болжанады. Жезқазғанда жел 20 м/с-ке дейін күшейіп, жолда көлік қатынасына кедергі келтіруі мүмкін.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында түнде қатты аяз тұрып, ауа температурасы 20 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік, солтүстік және орталық бөліктерінде көктайғақ пен тұман сақталады.
Қостанай облысының оңтүстігінде қалың қар жауып, боран тұрады. Облыстың батыс, солтүстік және шығыс аумақтарында да тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында ауа райы тұманды болып, жол көру қашықтығы шектеледі.
Шығыс Қазақстан облысында
Қар мен жаңбыр жауып, көктайғақ, боран болады. Өскемен қаласында күннің екінші жартысында қатты жел тұрып, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жол қозғалысын қиындатады.
Абай облысының батысында түнде қар жауып, боран соғады. Семей қаласында күндіз қар аралас жаңбыр мен бұрқасын күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында боран, қар және көктайғақ болжанып отыр. Жел екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.
Павлодар облысында күндіз солтүстік, батыс аудандарда қатты жауын-шашын күтіледі. Павлодар қаласында да қар аралас жаңбыр жауып, боран мен көктайғақ болады.
Ақмола облысында қар аралас жаңбыр мен көктайғақ болжанған. Әсіресе облыстың шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашынның мөлшері артып, жол жағдайы қиындауы мүмкін. Көкшетауда таңертең және түнде көктайғақ байқалады.
Ақтөбе облысының шығысында түнде боран соғып, жел күші 18 м/с-ке жетеді.
Жамбыл облысында күндіз қар аралас жаңбыр жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Тараз қаласында да осындай ауа райы сақталады.
Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында қатты жауын-шашын (қар мен жаңбыр) мен екпіні 30 м/с-ке дейін жететін қатты жел күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарға осы күндері жолға шықпауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Ауа райының күрт құбылуы жол қозғалысы мен коммуналдық қызметтердің жұмысына да айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

