Елімізде мектеп оқулығының сапасына қойылатын талап күшейтілді. Бұған білім саласындағы былық-шылықты әшкерелеген Әлихан Смайыловтың талабы түрткі болған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас аудитордың тексеруінен кейін Оқу-ағарту министрлігі оқулықты әзірлеу мен сараптау тәртібін күрт өзгертіпті.
Бұдан былай мектеп оқулығын дайындайтын апторлар тобына кемінде үш жоғары білікті маман енуі міндеттелді. Әрқайсысының салалық білімі мен нақты тәжірибесі болуы шарт.
Аудиторлардың айтуынша…
Бұған дейінгі жүйеде оқулықтар кездейсоқ авторлар тарапынан жазылып, сараптау ісінде субъективтілікке жол берілген. Енді осы жүйе толық автоматтанып, баспалар оқу құралдарының тақырыптық жоспарын Республикалық білім мазмұнын сараптау орталығының порталы арқылы ғана ұсына алады. Тақырыптық жоспар ашық жарияланып, қоғамдық бақылау күшейеді.
«Оқу құралдары мен әдістемелерді енді тек ғалымдар, әдіскерлер мен арнайы дайындықтан өткен педагогтардан тұратын кәсіби ұжым ғана әзірлейді», – дейді Жоғары аудиторлық палата.
Мұндай шара оқулықтағы қаптаған қате мен сын көтермейтін мазмұнды түбегейлі азайтуы тиіс.
Еске салсақ, бұған дейін аудиторлар 2019-2024 жылдар аралығында мектеп оқулықтарын қайта дайындауға бюджеттен 16 миллиард теңге жұмсалғанын анықтаған. Оның ішінде 1,1 миллиард теңгеге қаржылық заң бұзушылық жасалып, 62,4 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған, тағы 3,2 миллиард теңге мүлдем негізсіз жұмсалған.
Ең сорақысы, соңғы бес жылда оқулықтарды бағалау критерийлері 12 рет өзгертіліп, білім саласындағы реформалар ешбір жүйесіз, бейберекет жүргізілген.
Бас аудитор Смайылов Оқу-ағарту министрлігінің экс-басшысы Ғани Бейсембаевқа бірнеше рет ескерту айтқан. Кітап мәселесінен бөлек мұғалім біліктілігін көтеруге бағытталған курстың көбі көзалдау екені белгілі болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

