Алматының орталығында атышулы Болат Назарбаевқа тиесілі болған ірі ғимарат сатылымға қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайтарылған активтерді басқаратын компания сатуға шығарған екі қабатты ғимараттың бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге. Бұл нысан Бостандық ауданында, Алматының әкімшілік, сауда және мәдени орталығы саналатын аумақта орналасқан.
Жалпы ауданы 1700 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа 0,4 гектар жер учаскесі тиесілі.
Мұнда автотұрақ, гараж бар, айналасы көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған. Құрылысы 1953 жылы аяқталған ғимарат 1997 жылы толық жөндеуден өткен.
Бағалау сараптамасында ғимараттың тиімді орналасқаны, сауда мен коммерциялық мақсаттарға ыңғайлы екені айтылған.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша, бұл ғимаратты 2019 жылы Болат Назарбаев иелік еткен «BN Invest Capital» ЖШС сатып алған. Кейіннен компания бірнеше рет атауын және меншік иелерін өзгерткен. Биыл ақпан айында компания атауы «DBS-Trade Company» болып өзгертіліп, оның жалғыз құрылтайшысы ретінде Қуат Ахметов тіркелген. Ал жеті айдан соң компанияның жаңа иесі ретінде Ферман Асратов есімді азаматтың аты шыққан.
Қазір ғимараттың сатылымы басталып кетті. Мамандар оның орналасқан жері тиімді болғандықтан, нысанға сұраныс жоғары болады деп отыр. Айтқандай, бұған дейін ескі Қазақстанның Дубайдағы дүние-мүлкінің тізімі жарияланған.

