Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың жаңа жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
6 пайызбен несие алу? Ауылминнің мәліметінше, бағдарлама бойынша несиенің жылдық мөлшерлемесі дәл осы деңгейде белгіленген. Қаржыландыру мерзімі мал шаруашылығы саласының ерекшелігіне сай икемді түрде қарастырылады. Несие Аграрлық несие корпорациясының бөлімшелері, кредиттік серіктестіктер мен екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі.
Қаржы шаруаларға мал сатып алуға және бордақылау алаңдарын дамытуға бағытталады. Министрлікте жаңа шара ауыл шаруашылығын қолдаудың тиімді тетігі болып, мал шаруашылығына тың серпін береді деп есептейді.
Жеңілдетілген несие биыл ақпанда Үкімет бекіткен Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қолға алынып отыр.
Құжатта мал басын көбейту, өнімділікті арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту үшін негізгі қолдау шаралары қарастырылған.
Бұған дейін…
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров малдың асыл тұқымды басын сатып алуға арналған жеңілдетілген несиелеу үшін жыл сайын 300 млрд теңге қажет екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ кешенді жоспарда басқа да шаралар бар. Мал шаруашылығында айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайыздық жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылады. Фермерлерге қаржыландыруды жеңілдету мақсатында «Даму» қоры арқылы несиеге кепілдік беріледі.
Оған қоса, құжатта мал шаруашылығы мамандарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайларын жақсарту бойынша да шаралар белгіленген. Атап айтқанда, малшылар мен шопандарға 55 жасқа толғанда арнайы әлеуметтік төлем алуға құқық беру жоспарланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







