Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылында ерекше әрі пайдалы өнім лимон өсіруге арналған заманауи жылыжай кешені іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір гектар аумақты қамтитын бұл жылыжай жобасы аудан көлемінде алғаш рет қолға алынып отыр. Кәсіпкер Юрий Паскалов бастамашылық еткен жобаға шамамен 500 миллион теңге жеке қаражат салынған.
Заманауи талаптарға сай салынған кешеннің басты ерекшелігі жыл бойына тұрақты температура мен ылғалдылықты ұстап тұруы. Қыста қатты аязға, жазда аптап ыстыққа қарамастан, жылыжай ішіндегі температура бірқалыпты сақталады. Арнайы құрылғылар мен көгілдір отын арқылы жұмыс істейтін жылыту жүйесі лимон ағаштарының сапалы әрі мол өнім беруіне қолайлы жағдай жасайды.
Кәсіпкер Юрий Паскаловтың айтуынша, өткен жылдың көктемінде жылыжайға Шымкент қаласынан әкелінген 1200 түп лимон көшеті отырғызылған. Жеміс ағаштары алғашқы өнімін екі жылдан кейін береді деп күтілуде. Алғашқы кезеңде әр ағаштан 25-30 килограмм лимон алуға болады. Толық жетілген кезде бұл көрсеткіш 100 килограмға дейін артады.
– Қазіргі таңда жылыжайда тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Бүгінде екі көмекшім бар. Жоспарлағандай күтім жасасақ, екі жылдан кейін алғашқы жемісін береміз деген үміттеміз, – дейді кәсіпкер.
Жергілікті билік өкілдері де кәсіпкердің бұл бастамасына қолдау білдіріп отыр. Ават ауылдық округінің әкімі Момынжан Исламовтың айтуынша, көктемде жылыжайға апаратын жол жөндеуден өтеді. Сондай-ақ өнім нарыққа шыққан соң, оны мемлекеттік субсидиялау мәселесі де қарастырылмақ.
– Біздің ісіміз ұзақ мерзімге жоспарланған жоба. Мемлекет тарапынан өнім шыға бастағанда субсидия беру мәселесін қарастыруға дайынбыз. Сонымен қатар, шаруа қожалығына басқа да мемлекеттік қолдау түрлері көрсетіледі, – деді ауыл әкімі.
Алдағы уақытта кәсіпкер жылыжай кешенінің аумағын 5 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа жобаның ауыл шаруашылығын дамытуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға оң әсері болмақ.
2026 жылы Алматы облысындағы агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

