2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап Қазақстанда көлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдай алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұрынғыдай кездейсоқ берілген нөмірмен шектелмей, көлік жүргізушілері енді өз қалауына қарай қалаған әріптік және сандық комбинацияларды рәсімдей алады. Желідегі қауым өзгерісті оң бағалап жатыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай, нөмір таңдау мен тіркеу рәсімі СПЕЦОН электронды сервисі арқылы жүзеге асады. Бұған бола ешқандай артық құжат пен кезекте тұрудың қажеті жоқ.
Бағаға келер болсақ, қарапайым әріптік немесе сандық комбинация үшін көлік иесі 10 АЕК (43 250 теңге) төлейді. Егер таңдалған нөмірдің комбинациясы күрделірек болса, тариф 15 АЕК (64 875 теңге) мөлшерінде бекітілген.
Дегенмен ерекше танымал, эксклюзивті деп саналатын, сұранысы жоғары нөмірлерге қатысты бөлек тариф қолданылады. Бұлардың бағасы әдеттегі нөмірлерден әлдеқайда қымбат екенін айта кету керекпіз.
Жалпы, мемлекеттік нөмір енді кездейсоқ таңбалардың жиынтығы емес, көлік иесінің талғамына байланысты дүние саналады. Осы ереже жаңа жылдан бастап күшіне енген Салық кодексінде арнайы бекітілген.
Ал қымбат, «блатной» нөмірлер туралы біз арнайы талдау жасағанбыз. VIP нөмірлердің бағасы жаңа жылдан бастап күрт қымбаттап шыға келді. Ерекше сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің құны шамамен 10 пайызға артты.

