Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәлімет бойынша, бүгінде агроөнеркәсіптік кешендегі субсидияның жалпы берешегі 341,3 млрд теңгеге жеткен. Оның 152,2 млрд теңгесі несие пайызын субсидиялауға тиесілі деп жазады Ertenmedia.
Субсидия бойынша берешек барлық өңірде дерлік тіркелген. Әсіресе, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қарыз көлемі жоғары. Үш өңірдің берешегі 173,7 млрд теңгеге жетіп, елдегі жалпы қарыздың 51%-ын құрап отыр.
Дегенмен, биыл субсидия берешегін өтеу қарқыны артты. Жыл басынан бері шаруалар алдындағы 148,5 млрд теңге қарыз жабылған.
Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінетін қаражат жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылдан бастап субсидия шығындары толығымен жергілікті бюджеттердің қарауына берілген.
2025 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 433,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржының бір бөлігі алдыңғы жылдардан қалған «күту парақтары» бойынша берешекті өтеуге бағытталады.
Министрлік аймақ әкімдіктеріне субсидия берешегін тездетіп өтеу үшін қосымша қаржы көздерін табуды ұсынды. Ол үшін жергілікті бағдарламалар мен бюджеттердің ішкі резервтерін қайта қарастыру қажеттігі айтылған.
Жергілікті бюджеттердің мүмкіндігі шектеулі екенін ескеріп, Үкімет республикалық резерв есебінен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, 2024 жылы қант қызылшасын өңдеуге тапсырған шаруаларға қосымша 10 млрд теңге бағытталған.
2025 жылы республикалық бюджеттен қосымша 57,8 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 48,4 млрд теңге минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 9,4 млрд теңге қант қызылшасын өсіретін шаруаларды қолдауға жұмсалады.
Қазір субсидия төлемдері жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
Министрлік пен әкімдіктер қарыз көлемін азайту және субсидия механизмінің ашықтығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Басты мақсат шаруаларға дер кезінде қолдау көрсету және агросектордың қаржылық тұрақтылығын нығайту.
Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығында жеңілдетілген несие мен лизинг бағдарламалары да іске қосылды. Бұл фермерлердің техникалық базасын жаңартуға, өнімділікті арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Субсидиямен қатар осы жеңілдіктер аграрлық сектордың тұрақты дамуына жол ашып отыр.

