Бүгін облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың қатысуымен екі жаңа медициналық мекеме — дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды,- деп хабарлайды Ertenmedia
Ескелді ауданының Шымыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2129 тұрғынға қызмет көрсетуге есептелген және медициналық-санитариялық алғашқы көмек, шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек, зертханалық диагностика, сондай-ақ профилактикалық егу қызметтерін ұсынады.
Көксу ауданының Қызылтоған ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) 430 тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті екі орта буын маманы, сондай-ақ пациенттерді қабылдау үшін аптасына 1-2 рет амбулаториядан келетін дәрігер көрсетеді.
ФАП-тың негізгі қызметіне санитариялық-медициналық алғашқы көмек көрсету, аурулардың профилактикасы, скринингтік бағдарламаларды іске асыру, жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жасау, сондай-ақ вакцинациялау жүргізу кіреді.