Қазақстанда босануы күрделі өткен аналар, соның ішінде кесарь тілігі арқылы босанған әйелдер қосымша әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Бірақ бұл мүмкіндік туралы көбісі біле бермейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде қазақстандық аналар қосымша төлемдерді қалай алуға болатыны туралы тәжірибе бөлісуде. Мысалы, Threads платформасында Аружан есімді қолданушы: «Кесарь тілігі арқылы босанған қыздар, сіздерге қосымша төлем қарастырылған. Ол үшін емханадан тағы 14 күнге ұзартылған аурухана парағын алып, ХҚКО-ға тапсырасыз. Көпшілік мұны біле бермейді», – деп жазған.
Басқа аналар аурухана парағын алғашқы парақ мерзімі бітпей тұрып ұзарту керек екенін еске салады. Осылай уақытылы тапсырылған жағдайда, әйелдің әлеуметтік төлемі қайта есептеліп, қосымша қаржы беріледі. Маңыздысы, әйел ресми түрде жұмыс істеген болуы тиіс.
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, босануға байланысты берілетін стандартты демалыс – 126 күн: босануға дейін 70 күн, босанғаннан кейін 56 күн.
Ал кесарь тілігі, вакуум-экстрактор қолдану сияқты босану асқынулары болғанда, демалысты тағы 14 күнге ұзартуға мүмкіндік бар.
Бұл бөлек берілетін төлем емес, жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлемді қайта есептеу арқылы берілетін қаржы. Қосымша төлемді алу үшін:
- Емханадан ұзартылған аурухана парағын алу керек;
- Оны жұмыс беруші арқылы растау қажет;
Құжаттарды босанғаннан кейін бір жыл ішінде ХҚКО-ға өткізу керек. Әдетте құжат тапсырған соң 10 күн ішінде ақша шотқа түседі.
Қазақстанда бала туған кезде берілетін әлеуметтік төлемдер:
- Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (шамамен 150 мың теңге);
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (шамамен 247 мың теңге).
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы:
- Жұмыс істемеген әйелдер үшін айына 22 мыңнан 35 мың теңгеге дейін;
- Жұмыс істеген әйелдер үшін декреттік төлем – шамамен 600 мыңнан 2,2 миллион теңгеге дейін;
Күрделі босанғаны үшін қосымша төлем – шамамен орташа айлық табыстың жартысы көлемінде.
Маңызды ақпарат
Қосымша төлемге құжаттарды босанғаннан кейін бір жыл ішінде тапсыру керек. Бұл төлем тек әлеуметтік аударымдар жүргізілген, жұмыс істеген әйелдерге ғана беріледі.
Жұмыс беруші декреттегі әйелді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ, бұл кезең еңбек өтілі ретінде есептеледі.
Демек, күрделі босанған қазақстандық аналардың аурухана парағын 14 күнге ұзартуға, әлеуметтік төлемді қайта есептеуге және қосымша қаражат алуға толық құқығы бар. Ең бастысы құжатты дер кезінде рәсімдеп үлгеру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







