Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысына бөлінген миллиардтарды жымқырған топ әшкереленді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік қазынадан аударылған ақша өңірдегі әлеуметтік нысандардың орнына элиталы пәтер, қымбат спорткар мен асыл тұқымды жылқыларға жұмсалған.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікке ілінген QazConstructions компаниясы өңірдегі жеті ауданға су құбырын тартып, төрт денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызуға келісімшарт алған.
Алайда іс жүзінде кешендердің орны бос тұр, ал жеті ауылдағы 20 мыңнан астам тұрғын әлі күнге дейін ауыз сусыз отыр.
Тергеу болжамына сай, компания 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын жалған компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, оны өз мүддесіне жұмсаған. Осы қаржыға Астанадағы элиталы тұрғын үй кешендерінен бірнеше пәтер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes сынды аса қымбат көліктер мен сирек кездесетін асыл тұқымды жылқылар сатып алынған.
Күдіктілер қатарында компанияның бұрынғы орынбасары, қазіргі уақытта Күршім аудандық мәслихатының депутаты да бар.
Қазірге дейін екі адам қамауға алынып, тергеу аяқталғанша екі ай мерзімге қамауда болады.
Барлық заңсыз жолмен иемденген дүние-мүлікке сот шешімімен тыйым салынған.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай бұған дейін Ақмола облысында да болған еді. Ол кезде «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» компаниясы мен жергілікті шенеуніктер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ешқашан жүргізілмеген құрылыс жұмысы үшін жалған акті толтырып, мемлекетке 152 миллион теңге залал келтірген. Күдіктілер ұсталып, іс сотқа жолданған болатын.