Мәжіліс депутаты Никита Шаталов әлеуметтік желіде өзіне қарсы жазылып жатқан сыни пікірлерге жауап беріп, тағы бір мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Ол бұл мәлімдемесін желідегі арнасында жариялады.
«Бәріміз қазақпыз ғой! Мен туралы жазылып жатқанның бәріне жауап ретінде айтарым: менің болмысым – қазақ. Осы уақыт ішінде мені «ватник» та деді, «шетел агенті» де деді, «прокремльшіл» деп те айыптады. Бірақ бұлардың ешқайсы шындыққа жанаспайды. Барлығын өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымды мұқият зерттеуге шақырамын.
Кейінгі кезде мен туралы түрлі қауесет көп тарап жүр. Біреулер өмірбаянымда туған жерім ретінде Қазақ КСР-ін әдейі көрсетті десе, біресе ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, бұрмалап, оларды мүлде басқа мағынада жеткізіп жатыр. Соңғы пікірімді екіұшты қабылдауға болатынын мойындаймын, бұл — менің қатем. Бірақ оны толық оқымай, үстірт қарағанда ғана солай көрінеді. Қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан даулы тақырыптардың артында шындық жоқ, тек манипуляциялар мен ақпараттық шабуылдар тұр. Ал мен бұған дейін де, дәл қазір де осындаймен күресіп келемін.
Мен тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім, ол кезде Кеңес Одағы болмағанына шүкір. Осында өсіп-өндім, отбасын құрдым, балаларым бар. Мен үшін Қазақстаннан басқа Отан жоқ және болмайды да. Қазақта «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деген тамаша сөз бар. Бұл жағдай қайталанбайтынына сендіргім келеді», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Никита Шаталов әлеуметтік желідегі парақшасында геосаяси тақырыпта жазба қалдырып, сол үшін сынға қалған еді. Оны ресейшіл деп айыптағандар болды. Ол сөзінде Украинаны қолдап отырған Батыс елдерін “идеалист” деп атап, Украина президентінің командасын сынаған. Оның алдында Каспий құбыры концорциумының Ресейдегі станциясына дронмен шабуыл жасалғанда Шаталов Қазақстан Украинаны жауапкершілікке шақыру керек деп мәлімдеген еді.