Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі күрт кеңейтілді деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін тек сауда үстемесі бақылауда болса, енді тауарлардың дүкен сөресіндегі түпкілікті бағасы қадағаланады.
Сауда министрлігі ұсынған жаңа тізімге ұн, нан, макарон өнімдері, қарақұмық пен күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ пен қияр, алма, қант, күнбағыс майы, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, тартылған ет (фарш), қой мен жылқы еті, балық, тауық еті мен тауықтың тұтас еті, сүт өнімдері (айран, қаймақ, сүзбе, қатты және жартылай қатты ірімшік, сары май), бірінші санаттағы жұмыртқа, қара шай және ас тұзы секілді 31 түрлі тауар енгізілген.
Енді аталған өнімдерге бөлшек саудадағы шекті баға белгіленеді. Жеткізу шартында міндетті түрде осы баға мен сауда үстемесі көрсетілуі тиіс.
Талаптар орындалмаған жағдайда мәміле заңсыз деп танылады. Жаңа тәртіп 2026 жылдың 4 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Ertenmedia «Жұманғариннің Жаңа жыл жоспарын» жария еткен. Үкімет бағамен күресті күшейтпекші. Әсіресе қызанақ пен қияр бағасына ерекше назар аударылмақ.

