Алматы облысының әкімдігі Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты жанжалдан кейін қызметтік тексеріс бастады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселе жуырда Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімнен кейін ушыққан еді. Шешім әсіресе орыстілді қауымның наразылығын тудырып, әлеуметтік желіде өткір сынға ұшыраған болатын.
Облыс әкімдігінде жедел жиналыс өткізіліп, басқарушылық шешімдерде қателік жіберген лауазымды тұлғаларды анықтау тапсырылды.
«Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс басталды. Басқарушылық қателікке жол берген жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдіктің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері бұрынғы мекенжайларында қалады. Сонымен қатар, Қонаев қаласындағы жаңа балалар үйіне көшкісі келетіндерге мүмкіндік берілген.
Ал Бағанашылдағы ғимараттың Алматы қаласы әкімдігінің балансына берілу мәселесі әлі де қарастырылып жатыр.
Әкімдік дерегі бойынша, Қонаевтағы жаңа мекемеге Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан 39 бала ерікті түрде көшкен. Бірақ олардың арасында Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жоқ.
Айта кетелік, дауға президент Тоқаев араласып «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге тыйым салған еді.
Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмысын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырған.
Сонымен қатар аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізетіні хабарланған.