Бағанашылдағы балалар үйінің төңірегіндегі даудан соң Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерік Әбітов қызметінен босатылды деп хабарлайды Ertenmedia.
Шенеуніктер жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазған.
Даудың басы Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін басқа жаққа көшіру әрекетінен басталған. Жетім балаларды Қонаевтағы жаңа ғимаратқа көшіруге тырысқан шенеуніктердің әрекеті қоғам наразылығын тудырып, мәселе Президент деңгейіне дейін жеткен-тұғын.
Дереккөздердің айтуынша, Салтанат Беспаева бұған дейін қызметінде өрескел қателікке жол бермеген. Ал Ерік Әбітов ақпараттық жұмыстарды дұрыс үйлестіре алмай, аймақ басшылығын ыңғайсыз жағдайға қалдырған.
Мәселе Тоқаевқа жеткеннен кейін екі шенеунік те жауапкершілікті өз мойнына алған.
Аймақтағы ақпараттық саясат пен білім басқармасы арасындағы үйлестірудің нашар болғаны көші-қон дауы басталған сәттен-ақ байқалған болатын.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қызметінен кетуі мүмкін деген әңгіме шыққанымен, әзірге орнын сақтап отыр.
Айта кетелік, шілде айында балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру басталғанда, жасөспірімдер бұрынғы ғимаратта қалдыруды өтінгені есімізде. Облыс басшылығы жетім балаларда басқа жаққа көшірмейміз деп уәде бергенімен, кейін жағдай басқа сипат алған еді.
Ушығып бара жатқан дауға Тоқаев араласып, балалар үйін көшіруге тыйым салған. Президент Алматының беделді ауданындағы ескі ғимаратты жөндеп, қаланың меншігіне өткізуді тапсырған.
Кейбір қоғам белсенділерінің пікірінше, балалар үйі орналасқан жер телімі құрылыс компаниялары үшін тартымды болуы мүмкін.