Алматы облысының шаруалары қалаға 200 тоннадан астам таза әрі балғын ауыл өнімдерін жеткізбек, деп хабарлайды Ertenmedia.
18–19 қазан күндері Алматыда ірі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді.
Қазыбек би көшесінің Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аумағында (КБТУ маңында) өтетін шараға Алматы облысының фермерлері мен шаруашылықтары өздері өндірген өнімдерін әкеледі.
Жәрмеңкеде ет (16 тонна), сүт өнімдері (1,6 тонна), картоп (18,6 тонна), пияз (19,5 тонна), көкөніс (36,2 тонна), күріш (6 тонна), бал (3,3 тонна), алма мен жеміс-жидек (26 тонна) және өзге де тауарлар (50,5 тонна) тұрғындарға ұсынылады.
Шараның басты ерекшелігі сапалы өнімдерді қаладағы орташа бағадан 15 пайызға төмен алуға болады.
Жәрмеңке Алматы мен Алматы облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты отандық шаруаларға қолдау көрсету, ішкі нарықты дамыту және қала тұрғындарын қолжетімді әрі таза азық-түлікпен қамтамасыз ету.