Қазақстандағы ең ірі сусын өндірушілердің бірі Galanz bottlers компаниясы Алматы облысында жаңа зауытты іске қосты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Forbes-пен пікірлескен «Maxi шай» брендімен танымал кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов бұл кәсіпорынның ресми ашылу салтанаты желтоқсан айына жоспарланғанын айтты.
Жаңа өндіріс орны Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылындағы Damu Logistics индустриялық-логистикалық кешенінде орналасқан. Зауыттың жалпы аумағы 55 мың шаршы метрді құрайды.
Бизнесменнің сөзінше, кәсіпорын құрылыс жұмыстары толық аяқталмаса да, қазірдің өзінде іске кіріскен. Қазіргі кезде Еуропадан келген мамандар зауыттағы жаңа технологиялардың жұмыс сапасын бағалап, жабдықтардың соңғы тестілеуін өткізіп жатыр.
Алагөзовтің айтуынша, зауыт құрылысы өте жылдам қарқынмен жүрген. Алғашқы құжаттық жұмыстары былтыр тамыз айында басталса, қыркүйекте іргетасы қаланған. Бір жылдан аса уақыт ішінде алып өндіріс орны толықтай дайын болған. Жобаның ерекше тұсы зауыттың ішіне теміржол желісі кіргізілген. Арнайы жабық перронда 24 вагонға дейін бір уақытта жүк тиеуге мүмкіндік бар. Бұл дайын өнімді тасымалдау кезінде оның сапасын сақтауға көмектеседі.
Зауыттың бастапқы өндірістік қуаты айына 10 миллион литр сусын шығару. Ақшалай есептегенде айлық айналым шамамен 4 миллиард теңгеге тең. Бірақ өндіріс нағыз маусым басталатын келер жылдың көктеміне қарай толық қуатына шығады.
Алдағы уақытта зауыттағы бір ғана желі жылына 350 миллион литр сусын өндіре алса, қосымша тағы екі желі іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш жылына 1,2 миллиард литрге жетпек. Зауыт жұмысы төрт ауысымда ұйымдастырылып, онда 200 қызметкер жұмыс істейді.
«Ең басты жаңалығымыз енді „Maxi шайдың“ екі литрлік бөтелкесін шығарамыз. Бұған дейінгі ең үлкен бөтелкеміз небәрі 1,25 литр болатын», – дейді кәсіпкер.
Жобаға салынған жалпы инвестицияның көлемі 45 миллион еуроны құрады. Бұл қаражатқа зауыт аумағы, құрылысы, жаңа құрал-жабдықтар, өндірістік қуатты кеңейту мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары толық кірген.
Бизнесменнің айтуынша, жобаға орнатылған құны 14 миллион еуро тұратын француздық Sidel компаниясының асептикалық желісі кәсіпорын үшін үлкен жетістік болып отыр. Бұл технология сусынды консервант қоспай, табиғи таза күйінде шығаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар компания бөтелке, қақпақ және этикеткаларды өздері шығару үшін қосымша 5 миллион еуроға Австриядан арнайы жабдықтар сатып алған. Бұрын қақпақтарды Coca-Cola мен Pepsi-ге өнім шығаратын түркиялық Bericap компаниясынан импорттап келген. Енді оны өздері өндіре бастаған соң, сусынның өзіндік құны шамамен 30%-ға төмендеген.
Алагөзов ерекше тоқталған тағы бір шығын 6 гектар жер телімін сатып алу болды. Жер учаскесін кәсіпкер Damu Logistics компаниясынан 3,5 миллион еуроға сатып алып, жеке меншігіне рәсімдеген.
Сонымен бірге зауыттың энергетикалық қуатын 6 мегаваттқа дейін арттыру, газ желілерін жүргізу және басқа да технологиялық процестерді реттеуге біршама қаржы жұмсалған.
Жобаның шамамен 60%-ын Galanz bottlers өз қаражатынан қаржыландырса, қалған 40%-ы жабдық өндірушілермен пайызсыз төлемді кейінге қалдыру туралы келісім арқылы шешілген. «Банктерден ешқандай несие алған жоқпыз», – деп атап өтті кәсіпкер.
Оның есебінше, кәсіпорын 5 жылдан кейін өзін-өзі толық ақтап, табыс әкеле бастайды.
Айта кетсек, биыл Тұрсынғали Алагөзов Шымкент сыра зауытының базасында аумағы 20 мың шаршы метрлік «Maxi шай» және Garden сусындарын шығаратын жаңа цех ашты. Қазір Galanz bottlers компаниясы 7 бренд бойынша 27 түрлі алкогольсіз сусын шығарып отыр.
2025 жылы Алагөзов Forbes Kazakhstan журналының «Елдің ең бай 75 кәсіпкері» тізіміне алғаш рет еніп, 61-ші орыннан көрінді. Басылым оның байлығын 130 миллион долларға бағалаған. Былтыр бизнесмен Шымкент сыра зауытын сатып алған еді. Ал биыл бұрынғы «Цесна-Астық» концерні JFood Kazakhstan компаниясының да иесі атанды. Аталған компания ұн және макарон өнімдерін шығарады.
Әріптестік негізде

