Қоғам белсендісі Ғалым Байтук өзінің Фейсбуктағы парақшасында қоғамд кедейшілік дендеп алғанын ашық жазыпты. Ол елімізде байлық пен кедейліктің арасы алшақтап бара жатқанын және Қазақстанның жалпы ішкі өнімін халыққа шаққанда 12 мың доллардан сәл жоғары болғанымен қарапайым адамның күнделікті тұрмысында бұл байлық сезілмейтінін тілге тиек етеді.
– Халқы 20 миллионға жуық және жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 12 мың доллардан сәл асатын ел үшін активі 5 млрд доллардан жоғары бірнеше адамның болуы – үлкен аномалия. Әсіресе халықтың басым бөлігі айына 150-200 мың теңгенің шамасында табысқа күнелтіп, әрбір үшінші отбасының қарызы мен несиесі бар екенін ескерсек.
Қазақстанда бүгінде байлығы артып отырған миллиардерлер бар, бірақ олардың дәулеті технологиядан немесе өндірістен емес, қарапайым халықтың қарызынан құралған.
Иә, бұл сөз қаталдау естілуі мүмкін, бірақ – бұл шындық. Олардың капиталының өсуі халықтың қарызға белшесінен батуының тікелей нәтижесі.
Бүгін әрбір екінші қазақстандық банкке немесе микроқаржы ұйымына қарыз. Біреу азық-түлікке несие алса, біреу киімге, енді бірі ескі қарызын жабу үшін жаңа қарызға кіреді.
Ал дәл осы сәтте қаржы топтары рекордтық табысқа кенеліп отыр. Бұл – халық есебінен баюдың жаңа түрі.
Бұрын байығандар мұнай мен металдың қасында тұрса, қазір – қарыз бен айыппұлдың жанында тұрғандар. Халық күйзеліспен өмір сүріп жатса, қаржы элитасы пайдаға батып отыр.
Миллиардтар жаңа өндірістен емес, халықтың мұқтажынан, инновациядан емес, тәуелділіктен өсіп келеді. Мұны экономика деу қиын – бұл кедейліктен нәр алатын жүйе.
Қалыпты елдерде банктер инвестицияға, дамуға, бизнестің өркендеуіне ақша салады. Ал бізде негізгі пайда – кешіктірілген төлемдерден, өсімпұлдардан және «жеңіл ақша» жарнамасынан түсіп отыр.
Енді шындықты ашық айту қажет. Өзгенің қарызына салынған байлық – бұл жетістік емес, бұл – моральдық құлдырау. Айтпақшы, бұл құбылысты «әлеуметтік арандатушылықтың» бір түрі деп те бағалауға болады, – дейді Ғалым Байтук.