Қазақстан мен Әзербайжан Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) құбырымен тасымалданатын мұнай көлемін 2027 жылға қарай 7 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әзербайжан энергетика министрі Парвиз Шахбазов екі ел арасындағы экономикалық комиссияның отырысында құбыр арқылы биыл Қазақстаннан әлемдік нарыққа 3,4 млн тонна мұнай тасымалданғанын жеткізді.
Алдағы екі-үш жылда бұл көрсеткіш екі есе артуы мүмкін. Қазақстан жыл соңына дейін және келер жылы БТЖ бағытымен 1,7 млн тонна мұнай экспорттауды көздеп отыр.
Биыл шілдеде БТЖ арқылы тасымалданатын әзербайжандық мұнайдан органикалық хлорид анықталып, Түркиядағы Жейхан терминалынан мұнай жөнелту жұмысы бірнеше күнге тоқтап қалған еді.
Осы себепті де Әзербайжанның қаңтар-тамыз аралығындағы мұнай экспорты былтырғы көрсеткіштен 5,3 пайызға кеміп, 18,4 млн тоннаны құрады.
Қазіргі уақытта Әзербайжан аумағы арқылы өтетін транзиттік мұнайдың төрттен үш бөлігі дәл осы Баку–Тбилиси–Жейхан құбырына тиесілі. Статистикаға сай, Қазақстан мен Түркіменстаннан келетін мұнай көлемі былтырғымен салыстырғанда биыл 2,887 млн тоннаға дейін азайған.