Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін сөйлетсек, 15 пен 19 жас аралығындағы өлім себептері ішінде суицид алғашқы қатарда тұр. Жастар өз-өзіне қол жұмсау туралы ойласа, бұл бізге белгі. Қоғам сыр бергені. Жүйе іркіліп тұрғаны. Қарапайым тілмен айтқанда, бір жерде жастар бұл қоғамға өзін бөтен сезінеді деген сөз.
Көп жағдайда бала суицидке аяқ басқанда, сырт көз оның жан дүниесіндегі зіл батпан мұңды аңғармайды. Себебі бала жыламайды, бала іштен тынады. Психологиялық факторлар – депрессия, өз-өзін төмен бағалау, жалғыздық – көбіне үнсіз улай беретіні анық. Өз жанын сыртқы әлемнен қорғамайды, керісінше, сыртқы әлем оны тырнап, тұмшалап, жанын жаралайды. Ал әлеуметтік факторлар – құрдастарымен қақтығыс, отбасындағы ұрыс-керіс, оқшаулану, интернеттегі шеттету – отқа май құя түсетіні белгілі. Бүгінде мектепте буллингке ұшыраған жасөспірімнің ішкі әлемі сынып қалған айна секілді – сынығын қайта құрау оңай емес.
Мұндайда бірінші кезекте отбасының рөлі алдыңғы қатарға шығатыны сөзсіз. Кез келген ата-ана мұндай сәттерді баланың жүрегіне үңіле білуі шарт. Бірақ ата-ана күнкөріс қамымен жүрген ата-ана баланың гаджетпен жеке қалдырып жүргені жасырын емес. Сонымен қатар ата-аналық махаббат – репетитор мен кружок арасында сүреңсіз тірлікке ауысып кеткен. Бала үшін ең бірінші қажет нәрсе – қауіпсіздік пен сенім. Сенім болған жерде бала тірек тапса, сенім болмаса тығырыққа тірелетінін көпшілігіміз ескере бермейміз.
Сондықтан мектеп пен мұғалімнің рөлі де ерекше. Мектеп – жай білім ордасы емес, баланы қалыптастыратын ортаға айналып отыр. Егер мектеп психологы атымен жоқ болса немесе тек қағаз үшін жұмыс істесе – суицидтік мінез-құлыққа жол ашылады. Баламен тіл табысатын педагог, жанын ұға алатын психолог, дұрыс бағыт сілтейтін тәлімгер – қазіргі білім беру жүйесінде басты кадар десек болады. Өкінішке орай, көп мектепте психологтар формалды түрде қызмет атқаратыны жасырын емес. Көбі нақты дағдарыс жағдайымен жұмыс істей алмайды.
Сол себепті өмірлік дағдыларды үйрететін тренингтер, қауіп-қатердің алдын алатын интерактивті сабақтар, психологиялық кеңес беру жүйесін дамытудың маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру жүйесінің тұғырлы бағытына айналуы шарт.
Бұл ретте мектеп пен отбасыға ғана иек арту жеткіліксіз. Медициналық ұйымдар, жергілікті билік, ҮЕҰ-дар мен қоғамдық бірлестіктер өзара тығыз байланыс орнатуы тиіс. Мысалы, аудандық деңгейдегі ауруханаларда немесе емханаларда психиатр, психотерапевт, баланың жас ерекшелігіне бейімделген клиникалық психолог мамандары жетіспейді. Кейде шалғай ауылдағы баланың жанын түсінетін, оны дұрыс бағыттайтын бірде-бір маман табылмайды. Балалар ауруханасы тек дененің ғана емес, жанның жарасын да емдейтін орын болуы керек.
Кейбір елдерде суицидтің алдын алу жөніндегі ұлттық бағдарламалар әзірлеген. Мысалы, Жапонияда әрбір мектепте «эмоциялық әл-ауқат» индикаторы жүргізіледі. Дамыған елдерде оқушыны психологиялық қысымнан қорғау ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды мәселеге айналып отыр. Ал бізде әлі күнге дейін бала психологиясы туралы сөз қозғалса «еркелігі ғой», «қияли» деген жеңіл сөзбен жылы жаба саламыз. Бұл дұрыс емес
Елімізде соңғы онжылдықта жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаймай тұр. Кейбір облыстарда, әсіресе ауылдық жерлерде суицид көрсеткіші орташа деңгейден жоғары. Бұл – жергілікті жерде алдын алу жүйесі әлсіз екенінің белгісі. Кейде әкімдіктер балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істейтін мамандарға жеткілікті қолдау көрсетпейді. Жастар ісі жөніндегі бөлімдер формализммен шектелетіні жасырын емес. Сондықтан, суицидтің алдын алу үшін кешенді, нақты, өлшенетін нәтижеге бағытталған іс-шаралар керек. Ең алдымен, әрбір мектепте толыққанды психологиялық қызмет жұмыс істеуі тиіс. Екіншіден, ата-аналарға арналған тренингтер, бала психологиясы туралы семинарлар жиі өткізілуі тиіс. Үшіншіден, балалардың әлеуметтік медиадағы белсенділігіне, желідегі уытты контентке мониторинг жүргізетін құрылымдар жасақталуы қажет. Және де медиадағы балалар суициді туралы ақпараттарды таратуда арнайы этикалық нормалар сақталуы керек.
Баланың өмірі – ешбір статистикамен, ешбір рейтингпен өлшенбейді. Ол – тұтас бір әлем. Балалар арасындағы суицид қоғамның жан жарасы, оны мейірім мен сенім ғана емдеп, жазатынын ұмытпайық.
Ұлжалғас ЖҰМАХАН