Қазақстан мен Финляндия энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Астанада өткен келіссөздер бұл бағыттағы нақты қадамдардың басталғанын көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚР Энергетика министрлігінде вице-министр Санжар Жаркешов Финляндия экономика және еңбек министрлігінің тұрақты хатшысы Тимо Яатиненмен және фин компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесуге EastCham Finland, Wärtsilä, Finnvera және Nurminen Logistics компаниялары қатысты.
Тараптар энергетика саласындағы өзара байланыс пен инвестициялық жобаларды талқылады. Қазақстан тарапы фин тәжірибесіне, әсіресе энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері және инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарына қызығушылық танытып отыр.
Санжар Жаркешовтың айтуынша, еліміз үшін энергетикалық секторды жаңарту – стратегиялық міндеттердің бірі.
«Финляндияның бұл саладағы тәжірибесі біз үшін маңызды. Wärtsilä компаниясымен қалыптасқан байланыс бар. Біз осы әріптестікті одан әрі дамытып, жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз», – деді ол.
Келіссөз барысында «жасыл экономикаға» көшу және көміртегінен арылу мәселесі де кеңінен талқыланды. Бұл бағыт Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналу мақсатына сәйкес келеді.
Сонымен қатар, екі ел арасында бұған дейін қол қойылған меморандумның жүзеге асу барысы қаралды. Құжат аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысы өткен жылы ұйымдастырылған. Енді тараптар нақты жобалар мен бірлескен әрекеттерді іске асыруға көшуді жоспарлап отыр.
Келіссөз қорытындысында Қазақстан мен Финляндия өкілдері энергетика саласындағы әріптестікті нығайтуға дайын екенін растады. Бұл кездесу екі ел арасындағы сенімді диалогты күшейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатыны атап өтілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







