Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған экономиканы дамыту және инвестиция тарту міндеттерін жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында министрліктер мен өңір әкімдіктерінің инвестициялық жобаларды іске асырудағы жұмысы талқыланды. Негізгі назар инвестиция көлемін арттыруға және жобаларды уақытылы іске қосуға аударылды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері және Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев баяндама жасады.
Олжас Бектенов Президенттің 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын еске салды.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артқан. Ең жоғары өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында тіркелген.
Өңірлер арасында Астана қаласы мен Түркістан облысы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуде көш бастап отыр. Ал Қарағанды, Атырау, Ұлытау, Абай облыстары артта қалып келеді.
Бірыңғай ұлттық пул аясында қазір 185 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін тағы 268 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 10,1 млрд долларды құраған. Қаражат негізінен өңдеу өнеркәсібіне, қаржы секторына, көлік және энергетика салаларына тартылған.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан облыстары және Астана қаласы бұл бағытта жақсы нәтиже көрсетуде. Ал Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында көрсеткіштер әлі де жеткіліксіз.
Премьер-министр негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарының 52,7%-ы ғана орындалғанын, ал шетелдік инвестиция бойынша бұл көрсеткіш одан да төмен екенін атап өтті.
Контекст
Ол жобалардың баяу жүруіне бюрократиялық кедергілер мен мемлекеттік органдардың жұмысты кешіктіруі себеп болып отырғанын сынға алды.
«Инвестиция – экономиканың басты тірегі. Әкімдер мен министрлер бұл мәселемен күн сайын айналысуы тиіс. Көрсеткіштерге қол жеткізбеген өңірлерде жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – деді Олжас Бектенов.
Кеңесте инвесторларды қолдау шаралары да қаралды. Инфрақұрылымды уақытылы тарту, әкімшілік кедергілерді азайту және құқықтық қорғауды күшейту мәселелері көтерілді.
Прокуратурамен бірлескен «прокурорлық сүзгі» механизмі нәтижесінде 380 заңсыз тексеру, 450 әкімшілік іс және 200-ге жуық шектеу шарасының алдын алу мүмкін болды. Жалпы сомасы 19 трлн теңгеге жуық жобаларға қатысы бар 1800 инвесторға қолдау көрсетілген.
Жиын қорытындысында Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып, жобалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Экономикалық өсімнің негізгі көзі саналатын инвестиция тарту – алдағы кезеңдегі басты басымдық ретінде айқындалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







