Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына барып, жаңа ғимараттың құрылысымен танысады. Бұл туралы Алматы облысының білім басқармасы айтты,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
3 наурызда балалар жаңа мекемені қарап, ондағы тұрмыс жағдайымен танысып облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездеседі. Жаңа ғимаратты көретін тәрбиеленушілер қатарында Кирилл Капранов, Алексей Некрасов және Денис Узлов бар.
2 наурызда балалар үйіне Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева барып, мекеме ұжымы және тәрбиеленушілерімен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлер қоныс аудару және жұмыс орындарын сақтау мәселелерін көтерді.
“Балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелер біздің бақылауымызда. Жаңа ғимаратты қажетті жабдықтармен, көлікпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау да маңызды”, — деп атап өтті Салтанат Беспаева.
Сондай-ақ, басқарма әлеуметтік желілерде тараған жер учаскесінің аффилиирленген тұлғаларға сатылуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
Жаңа кешен 240 орынға есептелген және аумағы 4000 шаршы метрды құрайды. Құрылыс 1963 жылы салынған ескі ғимараттың апатты жағдайына байланысты жүргізілуде. Жаңа мекеме құрамында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы да жұмыс істейді. Ғимарат 900 орындық мектептің жанында орналасады. Балалардың қатынауы үшін 14 орындық автобус бөлінді. Алматыға дейінгі қашықтық – 65 км.
Бұдан бөлек, тәрбиеленушілер 21 наурызда Қонаев қаласында өтетін Наурыз мейрамына шақырылды.