Алматы облысында жасөспірімді қорқытқан бопсалаушылар ұсталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Балқаш ауданы Миялы ауылының 42 жастағы тұрғыны жүгінді. Әйелдің айтуынша, 2025 жылғы 8 ақпанда сағат 15:00 шамасында Қызыл-Қайрат ауылында белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын күштеп Hyundai Elantra автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Оның сөзіне қарағанда, күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып 5 миллион теңге талап еткен.
«Бұл дерекке қатысты бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушіні интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды», – деді полицейлер.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді 500 мың теңгенің бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді.
Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.