Қазақстан әскерінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың ата-аналары президент әкімшілігі алдында тағы да наразылық білдірді.
Бұл жолы олар тергеудің әділетсіздігіне күйініп, билік өкілдерінен нақты жауап талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жиналған жұртқа әскери прокуратура мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері келіп кездесті. Ашынған ата-аналар министрлікке және тергеушілерге тергеу барысындағы көптеген өрескел заңбұзушылықтарды тағы да тізіп берді.
Наразылыққа шыққан аналардың бірі, былтыр Алматыдағы полигонда қаза тапқан Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева былай дейді:
«Біз баламыздың өзіне қол салмағанын, оны әдейі өлтіргенін айтып шаршадық. Қолымызда тәуелсіз сарапшының қорытындысы бар. Ресми нұсқа бойынша, «палатка басып қалыпты-мыс». Бірақ баламның денесінен пышақ жарақаттары анықталды. Тергеушілердің бұл дәлелді көргісі жоқ».
Осы акцияға қатысқан Ұлан Мұсаевтың тағдыры да жүректі ауыртады. Ол 2022 жылы әскерде жүрген кезінде автомат оғынан басынан ауыр жараланып, бүгінде мүгедек арбасына таңылған. Қорғаныс министрлігі оны да «суицид жасады» деген қорытынды шығарған. Бірақ анасы Гүлмира Макажанованың айтуынша, Ұлан есін жиған сәтте-ақ өзіне кім оқ атқанын сұрапты.
«Үш жыл бойы әділет іздеп, әскери прокуратура мен министрліктің табалдырығын тоздырдым. Олар мені тыңдағысы келмейді. Баламның денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Оған мемлекет тарапынан ешқандай оңалту мен қолдау көрсетіліп жатқан жоқ», – дейді ол.
Ашынған ата-аналар қаза тапқан және мүгедек болып қалған ұлдарының істері «жасырын жабылып», өздеріне еш хабар берілмейтінін айтты. Олар тергеудің әділ жүруін талап етіп, ендігі жерде шегінер жол жоқ екенін жеткізді.
«Біз соңғы рет бейбіт түрде келіп тұрмыз. Егер тағы да әділетсіздік орын алып, билік біздің сөзімізге құлақ аспаса, өзімізді өртейміз бе сонда? Бізде жүйе осындай: біреу өлмесе, ешкім қозғалмайды екен», – деді Индира Туғанбаева.
Қорғаныс министрлігі наразы ата-аналарға арнайы кездесу өткізетінін уәде етті. Олар балаларының қазасына қатысты істердің қайта қаралып, кінәлілердің жазалануын талап етуде.
Айта кету керек, әскердегі күдікті өлім-жітім мен жарақат алу мәселесін көтерген ата-аналар бұған дейін де бірнеше рет наразылық акциясына шыққан. Бірақ нақты нәтиже жоқ. Әскердегі ажал мен азапқа кім кінәлі екені әлі анықталмады.