Индонезия соты қазақстандық Гүлсезім Алтайбекованы екі айға қамауға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға Бали аралындағы ойын-сауық орындарының бірінде болған. Тергеу дерегінше, қазақстандық модель ресейлік блогер Кәрина Фадеевамен жанжалдасып, оған ауыр жарақат салған.
Блогердің айтуынша, ол құрбыларымен клубқа демалуға барған. Сол жерде күтпеген жерден шабуылға ұшырағанын мәлімдеп отыр.
«Бейнебақылау камерасындағы жазбада Алтайбекованың темір шамды Фадееваның басына қарай сілтеген сәті анық көрінеді», — деп жазып жатыр көршіміздің пропаганда құралдары.
Жарақат алған блогер бірден есінен танып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер бас сүйегі мен еріннің жыртылғанын, қатты қан кеткенін және есту қабілетінің ішінара жоғалғанын айтты. Алған жарақатын дәрігерлер сол жерде тігіп берген.
Кімнің сөзі рас?
Жанжалға қатысты тараптар бір-біріне қарама-қайшы мәлімдемелер жасауда. Клуб әкімшілігі жанжалды блогердің құрбылары бастады десе, Фадеева мұны жоққа шығарып, клубтың ресми мәлімдемесін қысым ретінде бағалайды.

Жәбірленушінің айтуынша, Алтайбекованың өкілдері мәселені сотқа жеткізбей, қаржылай өтемақымен шешуге тырысқан.
Бірақ ол ұсынған соманың жарақатын өтеуге жеткіліксіз екенін айтып, қылмыстық істі соңына дейін жеткізуге бел буған.
Индонезия полициясы Алтайбекованы тергеу біткенше аралдан шықпауға міндеттеп, көп ұзамай күдіктіні қамауға алды. Тергеу жалғасып жатыр. Алтайбекова Индонезия заңы бойынша сот алдында жауап береді.
Ал Карина Фадееваның жағдайы әлі де ауыр, емдеу шаралары жалғасуда.
Айта кетелік, бұған дейін біз атышулы Қайсар Қамзаға іздеу жарияланғанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

