Мәскеу Қазақстан іздеу салған «Азия Автоның» экс-басшыларын беруден бас тартты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Еске салсақ, «Азия Авто» компаниясының бұрынғы топ-менеджерлері Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев аса ірі көлемде алаяқтық жасап, салық төлеуден жалтарды деген айыппен сотталған еді.
Биылғы сәуір айында Балушкин 9 жылға, ал Сағымбаев 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Үкім сырттай оқылды.
Бас прокурор Берік Асылов Мәскеуде бой тасалап жүрген тандемді елге қайтару туралы хат жіберген-тұғын. Алайда Ресейдің Әділет министрлігі әлгі өтінішті қараудан бас тартыпты.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ресей тарапы шешімді 2002 жылғы Минск конвенциясын негізге ала отырып қабылдаған-мыс. Аталған конвенция бойынша орыстардың өз азаматтарына қатысты шетелдік соттың үкімін мойындамау құқығы бар екен.
«Балушкин мен Сағымбаев халықаралық іздеуден алынған жоқ. Ресейден өзге мемлекет аумағында ұсталған жағдайда, экстрадиция бойынша жұмыс жалғасады», – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Сондай-ақ прокуратура әлгі екеудің ресейлік төлқұжат алуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылғанын да мәлімдеді.
Бұған дейін ШҚО-ның қылмыстық істер жөніндегі соты Балушкин мен Сағымбаевты кінәлі деп тану туралы үкімді күшінде қалдырған. Айыпталушылардан мемлекет пайдасына 115,98 млрд теңге материалдық шығын өндіріледі. Шешімде келтірілген залалдың орнына өндірілетін дүние-мүліктің тізімі 18 парақтан асып жығылыпты.
Астана ресейлік органдарға екі сотталушының Мәскеу, Петербор, Сочи, Новосібір және Краснодардағы жылжымайтын мүлкін бұғаттау туралы өтініш жіберген. Көршіміз бұл өтінішті де қарастырмай, тартпаға тастай салыпты.
«Бүйтер болсақ, елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келуі мүмкін» деп түсіндірген екен Мәскеу.
Атышулы Балушкин 2021 жылдан бері іздеуде жүр. Оған 230 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылған. Әзір еліміздің Әділет министрлігі аталған залалды өндіру мәселесімен айналысуда.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

