ForteBank клиенті күтпеген жағдайға тап болды. Әлеуметтік желі қолданушысы Threads платформасында құрбысының басынан өткен келеңсіз оқиғаны баяндап, банктің жұмысына наразылығын білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, оқиға кезінде бойжеткен ауылда демалыста болған. Картасы да, ұялы телефоны да өз қолында болғанына қарамастан, белгісіз біреу шетелде, нақтырақ айтқанда, Дубай қаласында оның шотынан 300 мың теңгені шешіп алған.

«2025 жылы мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе?! Құрбым ауылда, картасы өзінде, телефоны жанында. Ешкімге жеке ақпаратын берген емес. Бірақ сол уақытта біреу Дубайдан оның жалақысын, 300 мың теңгені түгелімен шешіп алған. Кодсыз, ескертусіз, қашықтан», – деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы.
Оның айтуынша, банк қызметкерлері мәселенің себебін анықтаудың орнына, бір-біріне қайшы түрлі нұсқаларды айтып, клиентті әуре-сарсаңға салған.
«Біреуі халықаралық аударым болды дейді, екіншісі QR-код арқылы төлем жасалғанын айтады, ал үшінші қызметкер тіпті басқа нұсқаны айтып шатастырады. Мұнда бір нәрсе анық банк тарапынан жеке деректердің тарап кеткені көрініп тұр. Бірақ банк оны мойындаудың орнына, жауапкершілікті клиентке жүктеуде», – дейді ол.
ForteBank өкілдері болған жағдайға қатысты тергеу жүріп жатқанын алға тартып, басқа ақпарат беруден бас тартқан.
Айта кетерлігі, бұған дейін де ForteBank төңірегінде осыған ұқсас оқиға болған еді. 2005 жылы кәсіпкер Олег Бахшян ForteBank-тен 1,37 млн доллар несие алып, Алматы облысындағы жер телімін кепілге қойған. Алайда бірнеше ай өткен соң, Бахшянның атынан белгісіз біреу жалған құжатқа қол қойып, несиенің сомасын 2,4 миллион долларға дейін арттырған. Кәсіпкер бұл жағдайдан ұзақ уақыт хабарсыз болған.