Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеру туралы шешімі инфляция қаупінің күрт артуымен байланысты. Бұл туралы бас банкир Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сүлейменовтың айтуынша, мөлшерлемені көтеруге байланысты комитет ішінде өткір пікірталас болған. Тіпті, кейбір сарапшылар инфляциямен күрес үшін ставканы бірден 20 пайыздан асыруды ұсынған.
Бірақ көпшіліктің пікірі қазіргі экономикалық жағдайда 18 пайыз деңгейінің жеткілікті екеніне тоқтаған.
«Бұл жеке басымыздың қалауы емес. Әр сарапшының өз жауапкершілігіндегі саласы бар. Олар инфляцияның себебін терең талдай отырып, неғұрлым қатаң шешім қажет екенін айтты. Біз аса қатты қатаңдатпадық, тек соңғы кезде инфляция өсіп, теңге бағамы төмендегендіктен жоғалған қаталдықты қайта орнына келтірдік», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы қыркүйек айында инфляция көрсеткіші 12,9 пайызға күрт шарықтағанын еске салды.
«Баға барлық бағытта өсіп отыр. Оның ішінде азық-түлік пен ақылы қызметтердің қымбаттауы басты себеп. Айлық инфляция мен оның тұрақты бөлігі де жылдам өсіп барады. Инфляциялық күтім де әлі жоғары деңгейде қалып отыр», – деп атап өтті Сүлейменов.
Ол базалық мөлшерлемені көтеру шешімін инфляцияның бақылаусыз өршуінің алдын алу деп түсіндірді.
Тимур Сүлейменов осындай шешімдерді қабылдаудағы негізгі фактор халықтың әл-ауқаты екенін айтады.
«Кейбіреулер базалық мөлшерлеменің банк пен несие нарығына әсерін көп айтады. Біз үшін бұл маңызды емес. Біз үшін бастысы халықтың нақты табысының артуы. Азаматтардың қалтасында көбірек ақша қалуы керек, ал инфляция оны жұтып қоймауы тиіс. Инфляция халық табысының жауы, оны жеңуіміз қажет. Бұл қадам бізге оңай тимейді. Сын айтатын қауым да жеткілікті. Бірақ біздің шешім макроэкономикалық тұрғыдан негізделген әрі халықтың мүддесі бірінші кезекте тұр», – деді ол.