Қазақстанда несие нарығының тренді өзгеруде. Банктер бұрынғыдай кез келген клиентке қарыз бере салуды тоқтатып, талаптарын күшейте бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржыгерлер қауымдастығының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы несие алуға берілген өтініштер саны 13,7%-ға қысқарған. Негізгі төмендеу ең көп сұранысқа ие болған кепілсіз тұтынушылық қарыздар сегментінде байқалды мұнда өтініштер 16,9%-ға азайды. Бұл ма, бұл сегмент көп жылдар бойы тез ақша алудың жеңіл жолы саналатын. Енді осы модельдің уақыты өтіп бара жатқаны анық байқалды.
Бұған басты себеп ақша-несие саясатының қатаюы, несиенің қымбаттауы және халықтың кірісінің төмендігі. Тағы бір себеп нарықтың тұралауы. Көптеген клиенттер бұрын алған несиелері бойынша борышын өтеуге қабілетсіз немесе қарыз ауыртпалығын арттырғысы келмейді.
Банктердің шешім қабылдауы да өзгерген
Өтінімдерді мақұлдау деңгейі 29,2%-дан 26,2%-ға төмендеді. Әсіресе ипотека нарығында мақұлдау 37,2%-дан 24,5%-ға күрт түсті. Ипотека бұрын сенімді әрі тұрақты өнім саналғанымен, мұнда да талаптар күшейген.
Сондай-ақ несиенің орташа бағасы өсті бөлшек несиелер бойынша орташа мөлшерлеме жылдық 18,2%-ға жетіп, бір жылда 1,4 пайыздық тармаққа артты. Әсіресе автонесие мен тұтынушылық несиенің бағасы қатты көтерілді. Ипотека бойынша мөлшерлеме мемлекеттік бағдарламалар есебінен тұрақты сақталып тұр.
Банктер енді кепілсіз несие беруден аулақтап, автокөлік, ипотека және кепілмен берілетін несиелерге басымдық бере бастады. Автонесиеге сұраныс 41,8%-ға, ипотекаға 9,2%-ға, кепілдікпен берілетін тұтынушылық несиеге бірден 77,1%-ға өсті. Яғни, банктер ақшаны қайтарудың нақты көзі бар сегменттерге басымдық беруде.
Сонымен қатар, бірегей клиенттер саны 57 мыңға азайып, халықтың қарызға деген көзқарасы сақтыққа қарай өзгергені байқалады. Азаматтар жаңа қарыз алуға асықпайды, бұрынғыдай еркін несие рәсімдеуден бас тартып жатыр.
Тағы бір маңызды көрсеткіш
Мерзімі өткен қарыздардың үлесі 2,9%-дан 4,0%-ға артқан. Бұл да банктердің талаптарды күшейтуіне ықпал етті. Несие төлеу тәртібінің нашарлауы банктерді қарыз беруде мұқият болуға итермелеп, нәтижесінде қарыз алушылардың мүмкіндігін одан әрі шектейді.
Несие нарығы бұрынғыдай емес, баяу қарқынмен өсіп жатыр. Жаңа берілген несиелер көлемі бір жылда небәрі 8,7%-ға артқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Яғни, нарықтың құрылымы да күрделі, «ауыр» сегменттерге қарай ауысып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылы да қаржы нарығындағы жағдайдың күрделілігі мен реттеу шараларының күшеюіне байланысты несие беру тәртібінің жақын арада жеңілдеуі екіталай.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық банктер ірі бизнеске несие беруді жиілетіп, шағын және орта кәсіпкерлікке келгенде талапты қатайтқаны туралы жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







