Қазақстанда былтыр банк жүйесінің активтері айтарлықтай өсіп, тұтынушылық несие көлемі азайған. Сонымен бірге банктер мен микроқаржы ұйымдары жүздеген мың қазақстандықтың қарызын кешірген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованы қабылдап, елдің қаржы секторындағы соңғы ахуалды талқылады.
Әбілқасымованың айтуынша, 2025 жылы банк жүйесінің активтері 11 пайызға ұлғайып, 68,3 трлн теңгеге жеткен. Бизнесті қолдау мақсатында 17,5 трлн теңгенің жаңа несиелері берілген. Былтыр маусымда құрылған Шағын және орта бизнесті қолдаудың кепілдік қоры («Даму» қорының негізінде) кәсіпкерлерге 505 млрд теңгеге кепілдік берген.
Бір қызығы…
Ал тұтынушылық несие нарығында керісінше үрдіс байқалды. Халықтың қарызға батуын тежеу үшін тұтынушылық несие беру көлемі екі есе қысқартылып, тәуекелі жоғары қарыздарды рәсімдеуге шектеу қойылған. Сонымен қатар несие төлеу қабілетін бағалаудың жаңа, қатаң ережелері енгізілген.
Жалпы былтыр ел бойынша 703 мың азаматтың берешегі кешірілген немесе қайта құрылымдалған. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында 56 мың азаматтың 209,7 млрд теңге қарызы толық есептен шығарылған.
Қаржылық алаяқтықпен күрес те күшейді. Мәселен, несие алған кезде «ойлану мерзімі» енгізілді. Сондай-ақ, алғаш несие алушы міндетті түрде ұйымға өзі барып, жеке куәлікпен келуге міндеттелді. Бұдан бөлек, алаяқтық құрбандарының қарыздарын есептен шығару талаптары кеңейтілген.
2025 жылы қаржы нарығын реттеу агенттігі банктер, сақтандыру компаниялары, микроқаржы ұйымдары, коллекторлар мен бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды 410 мәрте тексеріп, жалпы сомасы 641,3 млн теңге айыппұл салған. Осы тексерулер қорытындысымен 58 мекеме лицензиясынан айырылса, соның 23-інің лицензиясы мәжбүрлі түрде кері қайтарылған.
Кездесу қорытындысында Тоқаев тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтіп, экономикадағы нақты секторды кредиттеуді ұлғайтуды тапсырды.
Айта кетелік
Бұған дейін Халық банк төрағасы Бектенов үкіметіне дат айтып, өкпе-ренішін жеткізген болатын. Үміт Шаяхметова банктерді орынсыз сынап, популистік мәлімдеме жасайтын кейбір депутатқа көңілі толмай отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

